Бүгінде әрбір науқас және әрбір қыз-келіншек сүт безінің қатерлі ісігі үкім емес екенін түсінуі керек
«Қызғылт қазан» – сүт безі обыры туралы халықтың хабардар болуын арттыруға бағытталған дүниежүзілік ай. Осыған орай қазақстандық ғалым, гинеколог-онколог, академик Диляра Қайдарованың бастамасымен және Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен «Қызғылт қазан» (Pink Run) акциясы өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әлемде «Қызғылт қазан» деген атпен белгілі сүт безі обырына қарсы күрес айы аясында шараға Қазақстанның түрлі өңірінен келген онколог дәрігерлер ғана емес, олардың пациенттері, сондай-ақ бей-жай қарамайтын азаматтар қатысты.
Диляра Қайдарованың айтуынша, аталмыш акцияның мақсаты – сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу мен ерте диагностикалаудың маңыздылығы туралы көпшілікке жеткізу.
«Біздің мақсатымыз - сүт безі қатерлі ісігі туралы ақпаратты көпшілікке жеткізу және барлық әйелдерді уақтылы тексеруден өтуге шақыру. Себебі сүт безі қатерлі ісігінің ерте сатысында уақтылы диагноз қойылған кезде пациенттердің толық емделуі 95 пайызға жетеді. Мен сіздің денсаулығыңызға бей-жай қарамауды сұраймын. Көптеген жағдайларда сүт безі қатерлі ісігі 40 жастан асқан әйелдерге әсер етсе де, ол жыл сайын жасарады. Мысалы, Қазақстанда 2023 жылы ғана осы аурумен ауырған 1000-нан астам адам 40 жасқа толмаған», – дейді Диляра Қайдарова.
Әрбір оныншы әйелде кездеседі
Бүгінде әрбір науқас және әрбір қыз-келіншек сүт безінің қатерлі ісігі үкім емес екенін түсінуі керек. Себебі ауруды мейлінше ерте кезеңде анықтаса, оны жеңу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады. Заманауи терапия әдістерінің арқасында тіпті аурудың кеш сатысында да оны жеңуге болатын әдістер пайда болып жатыр. Сүт безінің қатерлі ісігі - бұл әрбір оныншы әйелде кездесетін қатерлі жаңа түзіліс. Омырау обырын кез келген жаста анықтауға болады. Бірақ 65 жастан асқан әйелдерде бұл қатерлі ісіктің пайда болу қаупі осы жасқа дейінгілерге қарағанда 6 есе жоғары.
Сонымен қатар онкопатология дені сау әйелде анықталуы да ықтимал. Сондықтан өз денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарау және сүт бездерін уақытылы тексеруден өткізу маңызды.