Бәрі де балалар үшін: Түркістандағы оңалту кешендері қалай жұмыс істейді

Qaz365.kz редакциясы

Демеушілер де қол ұшын созады

Фото: ашық дереккөзден

Халықтың әлеуметтік мәселесі, осал топтарын әлеуметтік тұрғыдан қамсыздандыру негізгі міндеттің бірі. Әсіресе, балалар үшін бар игілікті беру – басты міндет. Осы міндетті орындау үшін Түркістан өңірінде соңғы жылдары балаларға арналған оңалту орталықтарының көбірек салына бастады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Соның бірі – облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарайтын «Ақ-бұлақ» облыстық балалар оңалту орталығы. Онда 3 жастан 18 жас аралығындағы балаларға тәулік бойы стационарлық көмек көрсетіліп келеді. Қазіргі таңда бұл оталықта 175 төсек-орын бар. Оның ішінде 95 төсек-орын жүйке-жүйесі органикалық зақымдалған балаларға, 80 төсек-орын тірек қимыл аппараты аурулары бар балаларға арналған. 

Мекеменің басты мақсаты – науқас балалардың зақым алған ағзаларының қызметін барынша қайта қалпына келтіру. Сонымен бірге мекемеден мамандар балаларды медициналық оңалтудан өткізіп, ауруының асқыну жағдайларының алдын алып, науқас балаларды қоршаған ортаға және қоғамда толыққанды өмір сүруіне бар күшін салады. Оңалту орталығына биыл Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы заманға сай, ультрадыбыстық терапия аппараттарын сатып алып берген. Орталықта дорсонваль медициналық аппараты, пневмокостюмдер «Атлант», аяқ-қол механикалық тренажерлары, аяқ массажерлары, дефибрилятор аппараты, ем-домға арналған, дене шынықтыратын гимнаст-таяқшалар, гель шарлары мен тактильді кілемшелер жеткізілген. Ерекше балаларға түрлі өлшемдегі лангеттер те бар. Мұның бәрі келушілерді емдеуге арналған. 

Демеушілер де қол ұшын созады. Орталыққа олардың көмегімен емдік дене шынықтыру залына иппотренажер аппараты алып берілген. Одан бөлек, бөлімшеде «Аспан әлемі» деген ғарышты зерттеу бөлмесі бар. Ата-аналар мен балаларға арналған қазақша бөлмелер де қызмет көрсетеді. Осы оңалту кешенінің жемісті әрі тиімді болуына ең алдымен баланың көңіл-күйінің жақсы болғаны керек. Осыны ескере келе оларға өте кең ауқымда түрлі бағыттағы, психологиялық жай-күйінің орнықты болуына әсер ететін іс-шараларды кеңінен өткізіп отырған маңызды екенін атап өту керек.