Дәрігер бауыр – адам организміндегі ең басты ағза екенін ұмытпауға шақырады
Түркістан облысы Сауран ауданының терапевт дәрігері Таубаева Ақтолқын Qaz365.kz тілшісіне бауыр ауруының сақтану жолдарын айтып берді. Дәрігердің айтуынша, бауыр ауруларының бірнеше түрлері бар. Олардан сақтана жүрудің сан түрлі амалы көп.
Бауыр ауруының ішінде, инфекция және тұқым қуалайтын тұрғыда туындаған бауыр ауруларын айтуға болады. Сонымен қатар, бауыр ауруының орын алуының басты себебі – бұл калориясы жоғары тамақтанумен байланысты салауатты өмір салтын ұстанбау, физикалық қозғалыстың болмауы, майлы және рафинадталған көмірсуларды шамадан тыс тұтыну болып есептеледі. Соның салдарынан бауыры зақымдалған науқастар саны соңғы жылдары көбейіп кеткен.
Дәрігер бауыр – адам организміндегі ең басты ағза екенін ұмытпауға шақырады. Өкінішке қарай, оны басқа ештеңемен алмастыруға болмайды. Бауыр қанды сүзгіден өткізіп, маңызды ақуыздар мен гормондардың синтезі сынды ауқымды функциялар топтамасы шоғырланған бірегей фабрика деп айтсақ болады.
«Бауыр ауруларының алдын алудың тағы бір жолы – ол профилактика. Дәрігер ретінде өміріңізден алкогольді, темекі шегуді, майлы және өңделген тағамдарды алып тастауға кеңес беремін. Сондай-ақ қалыпты салмақты сақтау маңызды, өйткені семіздік бауырдың алкогольсіз майлы ауруының дамуына ықпал етуі мүмкін. Әр адам физикалық белсенділікке жеткілікті уақыт бөлуі керек. Өз-өзіңізді емдеумен айналыспаңыз, қандай жағдай болмасын дәрігерлермен кеңесіңіз, дәрі-дәрмектерді тек ұсынылған мөлшерде қабылдаңыз. Сонымен қатар А және В гепатитіне қарсы профилактикалық егуді ұсынамын», – дейді ол.