Өт жолындағы тас ағзадағы зат алмасуының бұзылуынан пайда болады.
Өт тас ауруы симптомсыз өтсе, әдетте, емдеудің қажеті жоқ. Бұл туралы Түркістан облысы Сауран ауданының терапевт воп дәрігері Ақтолқын Таубаева айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Өт жолындағы тас ағзадағы зат алмасуының бұзылуынан пайда болады. Оған дұрыс тамақтанбау, майлы тағамдарды жиі қолдану, аз қимылдау және асқазан, ішек аурулары себеп болып жатады. Соның салдарынан өттің қозғалу қызметі нашарлап, онда біртіндеп тас түзіле бастайды.
Өт қабы түйілуінің ұстамасы пайда болуында дәрігер емдеуді тағайындайды. Өт тас ауруын емдеудің қарапайым, әдеттегі түрі – өт қабын алып тастау үшін операция өткізу. Егер науқасқа операция жасалуы мүмкін болмаса, дәрігер холестеринді өт тасын еріту үшін хирургиялық емес шараларды тағайындайды. Маман емдеу болмаған жағдайда өт түтіктерінің немесе ұйқыбезі түтігінің бітелуі өлімге әкелуі де мүмкін екендігін ескертті.
«Өт қабының шаншуы көбіне өздігінен жойылады. Тас өт жолы арқылы аш ішекке өткенде ауырсыну мен басқа белгілері тиылады. Егер тас орнынан жылжи аламайтындай үлкен болса , ауырсыну жалғаса береді және бұндай жағдайлар да тез арада хиругиялық шаралар қолдану керек. Егер жалпы өт жолында тұрып қалса , сарғаю байқалып тері мен көздың ағы сарғаяды, бауыр зақымдануы мүмкін. Өт тасы ауруынан сақтану үшін әрбір адам жыл сайын дәрігерлік тексеруден өтіп тұрғаны абзал. Дұрыс тамақтанып, холестеринге бай тағамдарды, қуырылған, ащы, ұннан жасалған дәмдерді азайту арқылы аурудың алдын алуға болады. Есесіне жеміс-жидек пен көкөністерді, өсімдік майларынан жасалған тағамдарды көбірек пайдаланған жөн. Сонымен қатар, қозғалыстың аздығы, артық салмақ сияқты нәрселер өт жолы ауруларының белең алуына алып келеді», – дейді маман.