«Дұрыс тамақтану күшті иммунитетке ықпал етеді»: Ордабасы ауданында семинар өтті

Qaz365.kz редакциясы

Жиында энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүйке жүйесін әлсірететіндігі айтылды

Фото: ашық дереккөзден

Тиімді тамақтану – бұл қысқа мерзімді диета емес, өмір салты. Осы жөнінде Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы мектеп оқушыларына түсіндірілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оны дұрыс ұстанған кезде адам ағзасында ақуыздар, майлар, көмірсулар және басқа да өмірлік маңызды заттардың тепе-теңдігі байқалады. Бұл – адамның қалыпты өсуі, дамуы, жұмыс істеуі үшін қажетті шарт. Дұрыс тамақтану күшті иммунитетке ықпал етеді, зат алмасуы бұзылатын аурулардың, онкологияның алдын алу болып табылатыны айтылды. Қалыпты өмір сүру үшін қажетті энергия тек тамақпен бірге келеді. Сонымен қатар ағзаға оны қандай тағамнан алатындығы бәрібір. Жартылай фабрикат пен тәттілер аштық сезімін уақытша жояды, бірақ қоректік заттарға деген қажеттілікті қанағаттандырмайды. Ақуыздардың, майлардың, көмірсулардың және диеталық талшықтардың дұрыс қатынасы бар теңдестірілген рацион энергиямен қамтамасыз етеді. Бұл негізгі зат алмасу процестері мен бұлшықет қызметі үшін қажет.

Одан бөлек, жиында энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүйке жүйесін әлсірететіндігі айтылды. Оның әсері 3-5 сағат сақталады, бұдан кейін ағзаға демалыс қажет. Сонымен қатар, кофеинге адам тез әуестенеді. Глюкоза мен кофеиннен тұратын энергетикалық сусын жас ағза үшін өте зиян.Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың дірілдеуіне себеп болуы мүмкін. Энергетикалық сусындарды ешқандай жағдайда ішімдікпен араластырып ішуге болмайды. Кофеин қан қысымын көтереді, ал ішімдік оның әсерін одан сайын арттырады. Нәтижесінде гипертониялық кризге ұшыратуы әбден мүмкін.