Абай облысының мұғалімі Ники Минаждың альбомына саунд-продюсер болды

Qaz365.kz редакциясы

Бұған дейін ол әлемге танымал Dua Lipa, Rosalia және Blackpink тобының мүшесі Lisa сияқты жұлдыздармен бірлесіп жұмыс істеген

Фото: Абай облысы Білім басқармасы

Абай облысындағы ауыл  мұғалімі Ерқанат Садуаханов танымал шетелдік әнші Ники Минаждың саунд-продюсері атанды, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Музыка әлемінде @eraholic лақап атымен танымал Ерқанат Садуханов - Абай облысы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында биология пәнінен сабақ беретін мұғалім. Жас мұғалім өз парақшасында Ники Минаждың «Pink Friday 2» делюкс-альбомына саунд-продюсер болатынын ресми түрде жариялады.

Бұған дейін @eraholic Dua Lipa, Rosalia және Blackpink тобының мүшесі Lisa сияқты әлемдік жұлдыздармен жұмыс істеген. Енді ол Ники Минаждың тыңдармандарына ерекше жаңалық дайындағанын жеткізді, - делінген мәліметте.

Альбомды 2024 жылдың 13 желтоқсанында шығару жоспарланған. Кеңейтілген шығарылым 2023 жылғы түпнұсқа альбомының мерейтойына арналып, тыңдармандарға жаңа композициялар ұсынатын болады. Ерқанат Садуаханов халықаралық жобаларда өз шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, педагогикалық қызметімен сүйікті ісін табысты үйлестіруде.

Ники Минаж – әлемдегі ең табысты рэп орындаушылардың бірі. Ол көптеген марапаттардың иегері, оның ішінде ASCAP сыйлығының ең үздік хип-хоп орындаушысы ретінде жеңісі бар. Жақында ол Эминемді озып, ең көп қаралған рэпер атанды.