Қазіргі уақытта жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу тақырыбы өзекті мәселелердің қатарында
Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданының білім бөліміне қарасты мектептерге “Жасөспірімдік кезеңдегі ерте жүктіліктің алдын алу” тақырыбында профилактикалық сабақ өткізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кездесу барысында Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының Отбасын жоспарлау бөлімінің акушер-гинекологы Ақболған Мусралиева оқушы қыз балаларға ерте жүктіліктің алдын алу шараларын түсіндіріп, ақпараттандырды. Сонымен қатар, кездесуде жасөспірімдерге жыныстық білім беру және ақпараттық қолдау көрсету мәселелерін қарастыру және ерте жүктіліктің салдары болашақ үшін үлкен мүмкіндіктерге балта шабатынын айтып өтті. Жиында еліміздегі жасөспірімдердің жүктілігі алаңдарлық мәселеге айналғандығы түсіндірілді. Статистикаға сәйкес, мың адамға шаққанда кәмелетке толмағандардың саны 7,9 адамды құрайды, ал жасөспірімдер арасында мың қыздың үшеуі түсік жасатады.
Қазіргі уақытта жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу тақырыбы өзекті мәселелердің қатарында. ДДҰ мәліметтері бойынша, бала өлімінің негізгі себептерінің бірі - жүктілікті үзу және ерте босану. Ерте жүкті болған қыздар білім алу мүмкіндігін жоғалтып, қоғамнан алшақтайды және олардың денсаулықтарына қауіп төнеді. Медициналық көрсеткіштер бойынша 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте деп саналады. Жасөспірімдердің жүктілігі үшін ең көп таралған кезең – 15-17 жас аралығы. Дәрігерлер атап өткендей, тек он сегіз жасқа дейінгі қыздың денесі жеткілікті түрде қалыптасқан және бала көтеруге, тууға толық дайын. Ерте жүктіліктің салдарынан жасөспірімдердің 70%-ы жасанды түсік жасап, 15%-ы түсік тастайды. Қыздардың тек 15%-ы ғана сәбилерін аман-есен жеткізіп, босана алады.