Бұл ауру әр кезеңде әртүрлі симптомдарға ие
Түркістан облысында АИТВ инфекциясына қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері облыстық «АИТВ-ның алдын алу және онымен күресу орталығының» мамандары өңір тұрғындарымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, жұқпалы аурудың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының басшысы Бақытжан Жүзжасаровтың сөзінше облыс аумағында 2024 жылдың 20 қарашасынан бастап 1-желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС ке қарсы күрес күніне орай науқан өтеді. Науқан барысында 10 акция, 2 спорттық шара, 15 ашық есік күні өтеді. Сонымен қатар, білім беру мекемелері мен мемлекеттік қызмет көрсету орындарында 25 семинар-тренинг, мединициналық мекемелер және әлеуметтік маңызы бар орындарда 3 дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Жалпы алғанда биылғы атқарылған жұмыстар нәтижесінде облыста инфекция жұқтыру көрсеткіші төмендеген. Жыл басынан бері өңірде АИТВ инфекциясына шалдыққан 96 жағдай тіркелген. Оның ішінде 4 азамат шетелдік. Ал, өткен жылдың 10 айында жұқпалы ауруға шалдыққан 107 жағдай анықталған.
Негізінен бұл ауру әр кезеңде әртүрлі симптомдарға ие. Вирус жұқтырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқастардың 40-90 пайызы өздерін суық тигендей сезінеді. Денесі дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңып, үсті қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды. Тестердің бәрі болмаса да көпшілігі вирус арқылы бөлінетін антиденелерді анықтай алады. Дегенмен әр жарты жылда немесе жылына бір рет ВИЧ-ке тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн. Оның үстіне, қазақстандықтар тексерудің бұл түрінен тұрғылықты емханасы арқылы тегін өте алады. Иммун тапшылығы вирусын емдеуге болады. Бірақ одан толық айығып кету мүмкін емес.