Түркістанда жастарға АИТВ инфекциясының алдын алу шаралары түсіндірілді

Qaz365.kz редакциясы

Індет тырнағына ілінгендер де отбасын құрып, дүниеге перзент әкеле алады

Түркістан облысы АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы мен  Кентау қалалық емханасы жанындағы «Алау» денсаулық орталығының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік ЖИТС ке қарсы күрес күніне орай жастармен еркін форматта дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Шара барысында салауатты өмір салтын ұстана отырып, жастардың өмірге деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру мақсат етілді. ЖИТС орталығының эпидемиолог дәрігерлері Еркін Сұлтанбайұлы мен Ғазиза Аханбайқызы АИТВ инфекциясының алдын алу және одан сақтану шаралары жайлы нақты ақпарат айтып, жастардың қойған сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар, осы инфекциямен ауыратын құпия кейіпкерімізді ортаға ала отырып, оның басынан өткендерін тыңдап, өмірдегі оқиғамен байланыстыра отырып, жастардың пікірлері тыңдалды. Кездесу соңында осы шараны өткізуге ат салысқан мамандарға ЖИТС орталығы басшысының атынан Алғыс хат тапсырылды.

Айта кетейік, АИТВ инфекциясы – адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру нәтижесінде пайда болатын баяу үдемелі дамитын жұқпалы ауру. Ауру адамның иммундық жүйесіне әсер етеді, нәтижесінде ағза әртүрлі инфекцияларға және қатерлі ісіктерге өте сезімтал болады, нәтижесінде науқасты өлімге әкеледі. АИТВ  диагнозы арнайы қан анализінің нәтижелері бойынша қойылады, ол көп жағдайда инфекцияны жұқтырғаннан кейін 3 ай аралығындаи нәтиже береді. АИТВ инфекциясын жұқтырған адамда ешбір ауру белгілері байқалмауы, не қысқа мерзімді тұмау тәрізді синдром белгілері пайда болуы және симптомсыз кезеңі ұзаққа созылуы мүмкін. Адамға иммун тапшылығы вирусы – үкім емес. АИТВ жұқтырғаннан кейін де өмір бар. Індет тырнағына ілінгендер де отбасын құрып, дүниеге перзент әкеле алады.