Депутат Жаңбыршин: Пшөннің жағдайы қалай болғанын білем десеңіздер, Атырауға барыңыздар

Nur-Altay Umirzak

Егер ит далада лағып жүрмесе, қожайыны болса, оны өлтірсе, жауапкершілік бар

Сурет: Коллаж/Qaz365.kz

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Атырауда тасқын кезінде көмектескен, өлтірілген Пшөн деген иттің өлімі жайлы айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Біздің заң жобасында ату деген мәселе жоқ. Ол жерде қандай жағдай болғанын біз айта алмаймыз. Қасында болған жоқпыз ғой. Жалпы қазіргі қолданыстағы заңда егер жануар агрессия танытса, адамға шабуылдаса, құтырма ауруымен ауырып, адамға шабуылдаса, шектеуге болатын заң қазір де бар», –  деді Жаңбыршин Мәжіліс кулуарында.

Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, иесі бар итті атқандар жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Өйткені ит де біреудің мүлкі. 

«Егер де далада лағып жүрмесе, қожайыны болса, оны өлтірсе, жауапкершілік бар. Қандай жағдай болғанын айта алмаймын. Білгілеріңіз келсе, Атырау барыңыздар да, сол жерден сұраңыз. Кешегі болған оқиғаға тексеріс болып жатыр», –  деді Жаңбыршин.

Атырауда су тасқыны болған уақытта жергілікті тұрғындарға көмектескен итті атып кеткен еді. Атырау облысы Махамбет ауданы Сартоғай ауылында «Пшөн» есімді ит арқасына құм салынған дорбаларды тасып, жергілікті тұрғындарға көмектескен. Желіде итті атып кеткені туралы ақпарат тарады. Оны құтқарып қалу мүмкін болмаған.