«Бір айдың ішінде шешімге келеміз»: ШҚО әкімі уақытқа халықты бейімдемек

Qaz365.kz редакциясы

Өңір басшысының сөзінше, тұрғындардың ой-пікірлерін тиісті министрліктерге жеткізген

Фото: ашық дереккөзден

ШҚО-дағы сағаттық белдеудің әсерінен кейбір қызметкерлердің жұмыс уақыты өзгеруі мүмкін. Бұл туралы ОКҚ алаңындағы брифингте Шығыс Қазақстанның әкімі Ермек Көшербаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сағаттық белдеудің өзгеруі, әсіресе, Шығыс Қазақстан облысының халқына көбірек әсер еткені әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқаны белгілі. Осыған орай  журналистер облыс әкімінен аталмыш мәселе жайлы сұрады.  

Өңір басшысының сөзінше, тұрғындардың ой-пікірлерін тиісті министрліктерге жеткізген. 

«Үкімет қабылданғаннан кейін біз оны орындауымыз керек. Әрине, кейбір тұрғындардың қиындықтары туған шығар. Балаларды кешке жақын мектептен алып кетеді. Иә, әрине ондай болады. Бірақ уақытты өзгертпесе де, егер қазір ескі уақыт қайтса, таңертең қараңғы кезде балаларды мектепке апарар едіңіз. Сол балаларды кешке жақын алар едіңіз. Мен оны айтып отырғаным. уақытқа байланысты – бірнеше мерзімде оған үйрену керек деймін бір жағынан. Екінші жағынан, әрине, тұрғындардың ой-пікірлерін біз тиісті министрліктере жеткіздік. “Осындай қиындықтар туып жатыр, соған қалай қарайсыздар, мұны қарастыру керек” дедік. Қазір бұл сұрақ Үкіметпен шешілген. Уақытымыз өзгертілген. Біз қазір облыс тұрғындардың бейімдеу процесін қалай жеңілдетуге болатынын, қалай жөніне келтіруге болатынын ойлауымыз керек», – дейді әкім.

Әкімнің сөзінше, жұмыс уақытын өзгертуге, әлеуметтік мәселелерге, дүкендер, мектептердің жұмыс уақытын өзгертуге, сағат сайын жүретін көліктің тәртібін қарастыру– сол мәселелерді жеңілдетуді, жаңа уақытқа үйрету мәселелерін қарастырып жатыр.

«Уақыттың ыңғайсыздығына байланысты жұмыс уақытын өзгеретінін айтып қалдыңыз. Сонда кімдердің жұмыс уақыты өзгереді? Қашаннан бастап өзгеруі мүмкін?» – деген сауал қойды Qaz365.kz тілшісі.

Ермек Көшербаевтың айтуынша, қазіргі уақытта облыс тұрғындарын бейімдеу процесін қалай жеңілдетуге болатынын қарастырып жатыр. Бір айдың ішінде бір шешімге келуі мүмкін.

«Оның бәрін сөйлесу керек. Халықпен кездесіп қарастыру керек. Мен бір күнде «Болды, мына әкімдіктер сағат 8-ден 17.00-ге  дейін жұмыс істейді деп айтсам, ол дұрыс емес. Әрине, зерттеп көру керек. Қарастыратын болсақ, бәрін бірге істеу керек. Әкімдіктерде және мемлекеттік органдарда, шағын кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтардың балалары бар. Мысалы, оларды мектептен, балабақшадан алу керек. Мәселен, көліктің сағат сайын жүретін уақытын өзгерту керек шығар. Соның бәрін қарастырамыз. Бір айдың ішінде бір шешімге келеміз деп ойлаймын», – деді өңір басшысы Ермек Көшербаев.