Жаңа ғылым заңының маңызы мен мәні
Қазақстанда енді стратегиялық зерттеулер көбірек жүргізіледі. Бұған Ғылым туралы жаңа заң мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Әлеуметтік лингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері Қуатбек Дүйсеннің айтуынша, Ғылым туралы жаңа заң жобасының көзге түскен тұсы стратегиялық зерттеулерге көңіл бөлуі деп есептейді.
«Бұл бағыт қазіргі кезде өте өзекті болып жатыр. Себебі қазіргі жаһандану заманында жақын әрі орта перспективаларда болатын өзгерістерді қолда бар деректер негізінде болжай білу өзекті мәселеге айналған. Соның ішінде форсайттық зерттеулерге Қазақстанда сұраныс жоғары. Аталған зерттеулер жақын болашақтағы көптеген тәуекелдерді алдын алуға мүмкіндік береді. Мемлекет түрақтылығының ұтымды бағдарламасын жасап, қоғам дамуының тиімді траекторнясын жасауға болады. Осы тұрғыдан «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң заманына сай қолданысқа енген құқықтық акт деуге толық негіз бар», – дейді ол.
Жаңа заң 54 баптан тұрады. Бұл заң 2011 жылдан бері қолданыста болған ескі «Ғылым туралы» заңының орнын басты. Ескі ғылым туралы заң 31 баптан тұрған. Ғылым туралы жаңа заңда бап саны көп, сапасы да өзгерек. Мәселен, қолданыста болған заңда ғылыми жұмысты жүргізу тәртібі 2000 жылдардың соңында қалыптасқан механизмдерді сипаттаған болатын. Бұл заң цифрландыру дәуіріне дейінгі, Болон жүйесіне өтпеген Қазақстанды репрезенттеді. Уақыт өте келе, Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің Болон процесіне тереңдеуіне қарай елдегі ғылымды реттейтін заңнама ғылымның бүкіл үдерістерін қамти бермейтіні көріне бастаған.