Шерзат Болаттың ісіне қатысты 170 адам тергеу сұрақтарына жауап берді – депутат

Qaz365.kz редакциясы

Осы іс бойынша 170-тен астам куәгерден жауап алынып, 40-қа жуық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеліп жатыр.

Сурет: ашық дереккөзден

Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іске қатысты ақпаратты жария етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Соңғы күндері Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты қоғамда қызу талқылау жүріп жатқаны белгілі. Әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпараттардың таралуына байланысты, көп жағдайда тексерілмеген, эмоцияға толы жазбалар мен бейнеүндеулерге назар аударылуда.Осыған байланысты әріптесім, депутат, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақпен бірге болған оқиғаның мән-жайымен жете танысу үшін арнайы Алматы облысына бардық. Істің барысын зерделеу мақсатында Алматы облысы прокуроры Берік Абызбайұлымен, Облыстың  полиция департаментінің басшысы Мейрам Жұмкенұлымен жолықтық.Мен, заңгер ретінде, бұл ауыр жағдайларды құқықтық тұрғыда қарастырудың маңыздылығын атап өткім келеді. Мұндай істерде қоғам тарапынан жасалған қысым тергеу амалдарының объективті әрі жан-жақты жүргізілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін, - дейді Абзал Құспан.

Ол прокуратураның ресми ақпаратына сәйкес, қасақана кісі өлтіру күдігімен 11 адам ұсталды деп отыр.

Қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Осы іс бойынша 170-тен астам куәгерден жауап алынып, 40-қа жуық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеліп жатыр.Сонымен қатар, Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлімі де бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында екенін атап өткен жөн. Ол бойынша сот-медициналық сараптамалар жүргізілуде.Қылмыстық істің қоғамдық маңыздылығына байланысты, мен тергеу барысымен танысып, заңгер ретінде мән-жайды нақты анықтау үшін жұмыс істеп жатырмын. Бұл істің әділ әрі ашық қаралуына ықпал ету – басты мақсатымыз, - дейді депутат.