Енді алдағы екі жылда облыс орталығын дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады
Соңғы екі жылда облыс бюджетінің басым бөлігі аудандардағы ауыл халқының тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Енді алдағы екі жылда облыс орталығын дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады. Осыған байланысты 2025-2026 жылдарға қала бюджетін орта есеппен 30%-ға ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Талдықорған қаласының тұрғындарымен кездесуі кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс әкімі өз баяндамасында қала басшылығына қысқа мерзімде алдағы екі жылға арналған кешенді даму жоспарын бекітуді тапсырды.
«Ең алдымен тұрғын үй құрылысына, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға, соның ішінде жылу, сумен жабдықтау, су бұру, газбен жабдықтау желілеріне және жол құрылысына басты назар аударылуы тиіс. Сондай-ақ, аулаларды абаттандыру, тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жаңарту, көшелерді жарықтандыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Жалпы Талдықорғанды тұрғындар үшін жайлы, әрі қолайлы қалаға айналдыруымыз керек. Әсіресе қаланың шеткі аймақтарында тұратын азаматтар заманға сай, жайлы тұрмыс жағдайларын сезінуі тиіс», - деді Б. Исабаев.