Полицейлер жыныс мүшесін бұрап қорлады деген азаматтың шағымына департамент жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Тексеру кезінде сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Фото: Qaz365.kz

Түркістан облысына қарайтын Шардара ауданының тұрғыны Нартай Хожанов құзырлы орган өкілдерінен қорлық көргенін айтып шағымданған болатын. Осыған қатысты Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұған дейін 50 жастағы Хожанов қыркүйек айында өзін шекарашылар полиция бөлімшесіне апарған кезде көрсеткен қорлығын айтып, шағымданған болатын.Тіпті, ол «жыныс мүшесін бұрағанын» да жеткізген.

Биыл 3 қыркүйекте шекара аумағынан күмәнді ер адам анықталды. Шекара қызметкерлері оның аталған аймақта болу жағдайларын анықтау үшін полицияға тапсырды.Шардара ауданының полициясы ер адамның осы аумақта болуының мән-жайын анықтады. Оған заңнама талаптары түсіндіріліп, құқық бұзушылықтарға жол бермеу туралы профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осыдан кейін ол үйіне қайтарылды. Ал аталған азаматтың арызы бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы тергеу жүргізуде. Тексеру кезінде сот-медициналық сараптама тағайындалды. Зерттеу нәтижелері бойынша арызданушының денесінен қандай да бір дене жарақаты анықталмады.  Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасуда, - дейді ПД баспасөз қызметі.

Полиция өкілдері 2019 жылы аталмыш азаматқа қатысты «Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын еске салды. Сот үкімімен ол 7 жылға бас бостандығынан шектелген.