Қазақстанға шет елдерден келіп жұмыс жасайтындар 4 санатқа бөлінеді
2025 жылы Қазақстанға шетелден қанша жұмысшы келіп істейтіні белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеп отыр.
“ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын жұмыс берушілердің қажеттіліктері бойынша Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға квота мөлшерін бекітіп, бөледі. 2025 жылы бөлінген жалпы квота саны еліміздегі жұмыс күшінің 0,2% мөлшерінде белгіленді”, – делінген министрлік хабарламасында.
2025 жылы ШЖК-ны жұмысқа тарту бойынша 4 санатта квота бөлінді:
- бірінші санат бойынша 649 рұқсат (басшылар және олардың орынбасарлары),
- екінші санат – 3 254 рұқсат (құрылымдық бөлімшелердің басшылары).
- рұқсаттардың негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 5 718 және 1 161 бірлік.
- сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 4 097 адамға дейін жұмыс күші тартылуы мүмкін.
Бұдан басқа, 2025 жылы үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбек көшіп келушілерді тартуға арналған квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 3% мөлшерінде белгіленіп отыр.