ДДСҰ алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізген
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстанда метапневмовирустың өршуіне байланысты мектептерде шектеулер енгізу жайлы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Еліміздің білім беру жүйесі кез келген сын-қатерге дайын екенін көрсетіп отыр. Бұл – пандемия кезінде жинақталған тәжірибенің нәтижесі. Барлық мектеп және колледждер мұндай жағдайларда ең керек деген құралдармен қамтамасыз етілген. Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күту қажет деп ойлаймын. Егер шешім қабылданса, біз әрдайым қиындықтарға дайынбыз», – деді Ғани Бейсембаев брифингте.
Осы ақпаратқа байланысты премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сұрау салғанын және алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.
«ДДСҰ бізге алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді. Бұл вирус ұзақ уақыттан бері елдерде айналымда жүр. Оны емдеу жолдары бар. Профилактикалық шараларды жүргізу қажет. Біз осыған сүйенеміз», – деді вице-премьер.