2025 жылы декларацияларды ұсыну бойынша міндеттемелер 8 млн адамға жүктеледі
Қазақстанда жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау жүйесін енгізу кезең-кезеңімен іске асырылуда. Енді мүлкі 74 млн теңгеден асатындардың табыс көздері ашық болатын болады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеп отыр.
“Бүгінгі таңда, үш кезең шеңберінде жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4 млн.-нан астам адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор басшылары, бизнес өкілдері және олардың жұбайлары кірді. 2025 жылы декларацияларды ұсыну бойынша міндеттемелер азаматтардың қалған санатында туындайды. Бұл шамамен 8 млн. адам, оның ішінде жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар. Жеке тұлғалардың қолда бар активтерін тіркеу үшін барлық цифрлық дерекқорлардан, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерден мәліметтер алу тетігі қамтамасыз етіледі. Бірақ болашақта 20 000 айлық есептік көрсеткіштен асатын (74 млн. теңге) мүлік сатып алынатын болса, шығыстарды жабу көздері туралы ақпарат ашылуға тиіс”, – делінген Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдемесінде.
Айта кетейік, азаматтарға негізінен ерікті түрде декларациялау құқығы беріліп отыр.