«Адам өзін-өзі қабылдаған кезде бақытты болады» – жазушы қыз аяқтан қалай тұрғанын айтып берді

Qaz365.kz редакциясы

Қиын жағдайға тап болған адамдарға үміт сыйлайтын автобиографиялық кітап жазған

instagram/aiganym.botash

Арбаға таңылса да, тағдырдың сынағына мойымай аяқтан тұрған жазушы Айғаным Боташ «Хабар» арнасының «Оян» таңғы бағдарламасына қонаққа келді. Ол өзі жайлы кітапты қалай жазғанын айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Өзгелерден ерекше жан
Бес жыл бұрын аурухана төсегіне таңылған Айғаным Боташ сынақты қалай жеңіп аяққа тұрғанын, «Батыр қыз» кітабын жазуына не себеп болғанын бөлісті. 

«Бұл кітапты жазудағы ең басты мақсатым – бес жыл бұрын 2019 жылы бір жыл көлемінде ауруханада реанимацияда жаттым. Сол кезде кітап жазуды армандайтынмын. Төрт қабырғаға қарап қатты қиналып жатқанда мені жігерлендіретін, күш-қуат беретін кітап іздедім. Сол кезде жақындарым маған Ник Вуйчич, Луиза Хей сияқты мықты тұлғалардың биографиялық кітаптарын әкелетін. Ол кітаптарды оқыдым. Бірақ маған қазақ қоғамынан шыққан, сондай қиын сәттен өткен тұлғаның кітабын әкеліп беріңдерші деп жақындарыма айтатынмын. Өкінішке қарай, ондай кітап табылмады. Сол кезде «осы ауруды жеңіп, сондай кітапты өзім жазам» деп өз-өзіме сөз бердім. Міне, Аллаға шүкір, бес жыл өтті. Осы бес жыл ішінде өзім армандаған, мақсат еткен кітапты жаздым. Бұл –  қиын жағдайға тап болған адамдарға үміт сыйлайтын автобиографиялық кітап. Маған отызға жуық ота жасалды. Қазіргі кезде протез киіп жүрмін. Мен өзім әрі анамын, әрі жармын»,  – дейді «Батыр қыз» кітабының авторы. 

Сонымен қатар ол өзінің ауруханада жатқан кездегі қиын сәттерін есіне алып, қандай күйде болғанын, қандай ойлар мазалағанын да айтты.

«Оңай болған жоқ. Өмірім дейін және кейін болып, екіге бөлінді. 24 жастағы жарқырап жүрген қыз бір сәтте осындай жағдайға түсіп қалды. Қабылдау өте қиын болды. Өзімді бақытсыз адам деп санайтынмын. Себебі, ондай сынақтан өту қиын еді. Көргенім тек отадан-ота. Ешқайда шықпаймын. Аурухананың төрт қабырғасына қарап қана жататынмын. Шүкір, қазір бәрін қабылдадым. Адам өзін-өзі қабылдаған кезде бақытты болады ғой», - дейді ол. 

«Әйеліне қамқорлықпен қарау - міндет»
Айғаным Боташ басынан өткерген қиын кезеңде жолдасының қолдауы ерлікпен тең болғанын айтып, алғысын білдірді.

«Мен күйеуіме «сенің істегенің ерлік» деп айтамын. Менің күйеуім оны ерлік емес дейді. Себебі, қазіргі таңда ер азаматтардың әйеліне көрсеткен қамқорлығы ерлік сияқты саналып кетті ғой. Меніңше, шынымен де өз әйеліне қамқорлықпен қарау – әр ер азаматтың міндеті. Сондықтан жолдасыма рақмет айтамын!» – дейді ерекше жан Айғаным Боташ.