20 жылда алғаш рет көлігін 5 минуттан артық қыздырған азаматқа айыппұл салынды

Qaz365.kz редакциясы

Жүргізуші айыппұлдың бұл түрімен мүлдем келіспейді.

Фото: Kazinform

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстанда 20 жыл ішінде көлігін 5 минуттан артық қыздырған бірде-бір адамға айыппұл салынбағанын еске салып еді. Бүгін алғашқы жүргізушіге айыппұл салынды, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Ол «бақытты жан» - Петропавл қаласының тұрғыны. Бұл туралы қала тұрғыны әлеуметтік желіде бөліскен. Көршілерінің біреуіне оның әрекеті ұнамай, «102» нөміріне хабарлап, полиция шақыртқан. Енді ол 5 АЕК мөлшерінде – 20 мың теңге шамасында айыппұл төлейді. Жүргізуші айыппұлдың бұл түрімен мүлдем келіспейді.

Ауа температурасы кейде 40 градусқа дейін төмендейтін аймақ үшін көлікті 5 минутта жылыту мүмкін емес. Яғни өңірдің ерекшелігі есепке алынбаған.

Бұған дейін министрлік норманың қабылданғанына  20 жылдан астам уақыт өтсе де, қоғамда енді резонанс тудырып жатыр деген еді. 

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 597 бабының 1 бөлігі бойынша азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. Кодекстің 597 бабының 1 бөлігі бойынша бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 19 660 теңге көлемінде айыппұл көзделген, - деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Аталған бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс азаматтардың шағымдары келіп түскен кезде және заң бұзу туралы дәлелдер болған кезде ғана қозғалады екен. Сонымен қатар, ішкі істер органдары азаматтарға осы әрекет үшін жаппай айыппұл салуды мақсат етпейміз дейді.