«Ажалдан арашалады»: бір бүйрегін бауырына берген әпкенің әрекеті жұртты сүйсінтті

Qaz365.kz редакциясы

Донор әпкесіне ел алдында алғыс айтты

Фото: әлеуметтік желіден

Он жыл бұрын бір бүйрегін бауырына беріп, екінші өмір сыйлаған әпкесі жайлы оқиғасын бөліскен сіңлісінің әрекеті желіде көп қаралым жинап, қызу талқыланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Осыдан 10 жыл бұрын әпкем Жәмилә маған өзінің бір бүйрегін берген. Бірінші Алла, екінші осы Алланың жаратқан пендесі Жәмилә менің өмірімді өлімнен арашалап алып қалды. Менің екінші рет өмірге келгеніме бүгін 10 жыл болды. Мыңның бірінің қолынан келмейтін нәрсені менің бауырым жасады. Сол күні әпкеме қоңырау шалдым. «Соңғы үміт сізде. Берем десеңіз, мен қалаймын, бермеймін десеңіз, қайтадан Таразға жол жүремін» дедім. Үндемей телефонды тастай салды. Не ойларымды білмеймін. Түнімен ұйықтай алмадым. Таңға жуық ұйықтап кетсем, ертеңінде менен бұрын тұрып, анализдерін тапсырып, тура 2014 жылдың 14 желтоқсанында әпкем маған жаңадан өмір сыйлады. Маған ғана мыйлаған жоқ. Сол кезде үш перзентім бар еді. Былтыр өмірге тағы бір балам дүниеге келді. Ұлыма да өмір сыйлаған осы бауырым Жәмилә. Менің жолдасыма жар сыйлады, балаларыма анасын қайтадан өмірге алып келді», – дейді жүрекжарды сөзін сөйлеген сіңлісі.

Бұл оқиғаны естіген желі қолданушылары апалы-сіңлі жандардың бір-біріне деген бауырмалдығына тамсана пікір жазып жатыр.

«Тектілік деген осы. Алла екі дүние бақытын нәсіп етсін. Аман болыңыздар! 100 жасаңыздар. Көзге жас келді.  Әпке деген осындай болу керек. Әпкеңізге бас иемін. Әркімнің қолынан келмейтін іс» – дейді оқырмандар.

Айта кетейік, Қазақстанда 2022 жылдан бастап бүйрек трансплантациясының бірегей технологиясы жолға қойылған. Сол жылы Ұлттық ғылыми онкология орталығы базасында трансплантолог-хирургтар туыс донордан бүйрек трансплантациясын сәтті орындаған.
Операцияның бұл түрі – АВ0 сәйкес келмейтін бүйрек трансплантациясының әлемнің бірқатар елдерінде, бірақ өте аз мөлшерде жасалады.
Бүйрек трансплантациясы созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысындағы пациенттер үшін алмастырушы бүйрек  терапиясының оңтайлы әдісі саналады. Алайда барлық елдерде кездесетін донорлық органдардың тапшылығына байланысты емдеудің мұндай әдісін қолдану мүмкіндігі едәуір шектелген. Әйтсе де, тірі донордан бүйрек алмастыру – бұл проблеманы еңсерудің анағұрлым  дұрыс жолы.