Қажылыққа бармақшы болған 180 адамды алдаған наиб-имам екені рас па? ҚМДБ жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Jazеra travel компаниясына қатысты даулы мәселе құқық қорғау органдары тарапынан тексеріліп жатыр

Фото: коллаж/Qaz365.kz

Алматыдан Меккеге үлкен қажылыққа бармақ боп ниеттенген бір топ азамат Jazеra travel компаниясына алданып қалғанын, оның ішінде Мейіржан Ырыскелді есімді наиб имамның тікелей қатысы бар айтылған. Осыған қатысты ҚМДБ жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Jazera travel» компаниясының басшысы Ырыскелді Мейіржан Бауырұлы еліміздің бірнеше аймағынан жүзден аса азаматты ұмраға алып барамын деп ақша жинап, уәдесін орындай алмаған. Мейіржан Бауырұлы ешқандай діни қызмет атқармаған және мешітте наиб имам болып жұмыс істемейді, – дейді ҚМДБ өкілі Ағабек Қоңарбайұлы.

Оның айтуынша, Алматы облысының Іле ауданындағы "Сәбденұлы Өтеген батыр" мешітінің наиб имамы  Мейіржан Ырыскелдіге умра сапарына ниет еткен жандарға дәріс өткізуге көмектескен.

Наиб имам діни құлшылықты түсіндіру мақсатында өтініштерін қабыл алып, екі рет сабақ өткізген. Дәріс соңы сұрақ-жауап негізінде жалғасып, наиб имам сол компания қызметі жайлы білген ақпараттарымен де бөліскен, – дейді ҚМДБ өкілі.

Jazеra travel компаниясына қатысты даулы мәселе құқық қорғау органдары тарапынан тексеріліп жатыр. Наиб имамның аталмыш мәселеге қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. 

Соңғы кезде қоғамда умра сапарын ұйымдастырушы кейбір турфирмалардың күмәнді іс-әрекеттеріне қатысты шағымдар көбейіп кетті.

Осы орайда умраға баратын азаматтарға қызмет көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аталмыш турфирмалар жауапкершілігінде екенін еске саламыз. ҚР сыртқы туризмді реттейтін тиісті заңнамасына сай умра сапарын топпен ұйымдастыру үшін міндетті түрде мемлекеттік лицензиясы болуы тиіс және әр умра жасаушыға туроператор тарапынан туркод берілуі қажет. Мұндай талаптар орындалмаған жағдайда умраны топпен ұйымдастыру ҚР заңдарына қайшы. Осы ретте умраға апарушы турфирмалардың қызметін қадағалауға Діни басқарманың заңды құзыреті жоқ екендігін жеткіземіз,  – дейді Ағабек Қоңарбайүлы.

ҚМДБ қазақстандықтарды ресми туроператорлық лицензиясы жоқ туркомпаниялармен умра сапарына бармауға шақырды.

Бұған дейін 180 адамның алданып қалғанын, қажылық та, қаражат та жоқ екенін жазғанбыз.