Режиссер Еркін Рақышев қазақ тілі пәні мұғалімдерін сотқа беретінін мәлімдеді

Qaz365.kz редакциясы

Режиссер бұл жағдай бәріне үлгі болғанын қалайды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жиынында Еркін Рақышев мектеп бітіріп шықса да, балалардың қазақ тілін білмей шығатынын өткір сынады, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Жылдың аяғында біраз мұғалімді сотқа берем мен! Мен сабаққа барамын, көздерінше білімін тексерем, оқушылардан сұрап көремін. Көңілім толмаса, мен мұғалімдерді сотқа беремін. Елдің, көңілін осы мәселеге аудару үшін осылай істеймін. Мысалы зайырлы, демократиялық елдерде мұғалімдерді бүйтіп тайраңдатып қоймайды. Сабақ берсең де бер, бермесең де бер – нәтиже болсын, болмасын айлықты алады деген жоқ. Бірінші нәтижені көреміз. Одан кейін айлық төленуі керек. Мектепті 100 пайыз қазақ тілінде біліп шығуы керек. Болды! Басқа сұрақ болмауы керек. Мұғалімдерден жұмысын қатаң талап ету керек. Егер оқушы қазақ тілін мектептен білмей шықса, мұғалімді сотқа беру керек. Жыл бойы алған ақшасын Үкіметке қайтарту керек. Халықтың ақшасы ол! - дейді ол.

«Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы осы аптада жиын өткенін әлеуметтік желіге жазған еді. Отырыста қоғамның Алматы қалалық филиалына жаңа төрағасы болып Тілеп Болат Анапияұлы келген. 

Болат Анапияұлы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басқарма төрағасы, ректоры. Мемлекеттік қызметте, білім беру саласында мол тәжірибе жинаған ұйымдастырушы, әрі ғалым. Алматы қалалық филиал жұмысын жандандырып, тілдің дамуына зор үлес қосады деген сенімдеміз, - дейді Кенжеханұлы.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы — қазақ тілін, қазақ мәдениетін, қазақ әдебиетін, Қазақстан тарихын оқып-үйренуге, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтап, оны одан әрі дамытуға ықыласты қазақ және басқа ұлт өкілдерінің басын біріктіретін ерікті ұйым. Ұйым 1989 жылы Алматы қаласында өткен 1-құрылтайда құрылған. 2023 жылғы 21 шілдеден бастап «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті болып Рауан Кенжеханұлы сайланды.