Қазақстан азаматтарының зейнетақы ақшасын мемлекет қайда жұмсайды

Qaz365.kz редакциясы

Ұзақ мерзімді ақшаны БЖЗҚ инвестициялай алады

gov.kz

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов БЖЗҚ ақшасы қандай жобаларға жұмсалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 2024-2025 жылдарға 2 трлн теңгеге дейін алу туралы шек қойылған.

«Бұл – БЖЗҚ-ның экономиканы кредиттеудегі инвестициялық мүмкіндігі. Әңгіме «Бәйтерек», «Самұрық Қазына» сияқты компаниялардың, екінші деңгейлі банктердің борыш құралдары туралы болып отыр. Бұл ақшалар экономиканың салаларын әртараптандыру, импортты алмастыру, қазақстандық мазмұнды арттыру сияқты шараларға тікелей бағытталады», – деді ол.

Оның сөзінше, біздің экономикамызда ондай ұзақ мерзімді ақшаны дәл осы БЖЗҚ бөліп, инвестициялай алады.

«Бүгінде «Бәйтеректің» облигацияларын инвестициялауға, көлік саласындағы жобаларды іске асыруға 173 млрд теңге, агроөнеркәсіп кешенінің жобаларына 213 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта Үкіметте энергетика саласындағы түрлі жобалар жоғары деңгейде пысықталып жатыр. Облигацияларды сатып алу көзінің бірі БЖЗҚ болуы мүмкін. Банктердің инвестициялық жобаларын іске асыру үшін де облигациялар сатып алынады», - деді Баймағамбетов.