Жеті бірдей облыста 15-18 жастағы қыздардың жүктілігі көбейді. Сенатор дабыл қақты

Qaz365.kz редакциясы
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат депутаты, журналист Нұртөре Жүсіп бүгін жоғарғы палатының жалпы отырысында депутаттық сауал жолдай отырып, Қазақстанда ерте босанатын оқушы қыздардың тағдырына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды  Qaz365.kz

Бұл енді пандемия кезінде басталған екен. Кейінгі төрт жылда бұл үрдіс бір деңгейде сақталып келе жатыр. 2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5 094 босану фактісі тіркеліп отыр. Бұл сол кезеңдегі жалпы туу көрсеткішінің 1,3 пайызын құрайды. Имандылықтың ұясы деп есептелетін ауылдық жерде екі есе артып отыр... Жап-жас қыздарды қорлау да көбейді, тіпті зорлау көбейді. Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкеледі. Бірақ көбінесе мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалып, қыздар ішінен тынып қалады. Көрсек те көрмеген болып, білсек те білмеген болып осылай отыра береміз бе?!, - деді Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Сенатор бұл мәселеге көз жұма қарауға болмайтынын атап өтті. Соңғы жылдардағы жағдай барлық мүдделі тараптардың, әсіресе білім беру және денсаулық сақтау салалары өкілдерінің мәселеге белсенді араласуын талап етеді.

Біз бұл проблемаға айрықша назар аудармай болмайды. Бұл өте нәзік әлеуметтік мәселе. Бала көтеретін жасқа келген қазіргі жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық жағдайы алдағы 10-15 жылдағы туу мен демографияға тікелей әсер ететіні анық. ҚР Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін халықаралық ұйымдардың қатысуымен жасөспірімдер арасында жүктілік пен туу санының өсу себептеріне ведомствоаралық талдау жүргізу қажет. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнаманың орындалуына мониторинг пен бақылауды күшейту аса маңызды. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының ерте жүктілік қаупі, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мен құқықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жедел қолға алу керек, - деді Нұртөре Жүсіп.

Ең бастысы, Нұртөре Жүсіп мына фактіге қатты назар аудартты: қаладан қарағанда ауылда тұратын жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік екі есеге көбейген.

«Жеті бірдей өңірде, әсіресе, оңтүстік, батыс аймақтарда туу көрсеткіші өте жоғары. Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарындағы деректер жаға ұстатады. Бұл жердегі балалар арасындағы туу көрсеткіш ауылда да, қалада да өте жоғары», - деді Нұртөре Жүсіп.