Қазақ төбеті – қазақтың ұлттық тұқымды иттері, олар ежелден үй жануарларын қорғауға пайдаланылған
2024 жылғы 4 қазанда әлемдегі ең көп сілтемелер жасалған бес ғылыми журналының қатарына кіретін «SCIENTIFIC REPORTS» журналында қазақстандық ғалымдардың «Қазақтың төбет тұқымының генетикалық әртүрлілігі және шығу тегі» атты мақаласы жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Зерттеулер ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетіне қарасты Генетика және физиология институтында жүргізілді. Ғалымдар өздеріне үш негізгі бағытты анықтап алды: тұқымның әртүрлілігі, шығу тегі және көнелігі.
Қазақ төбеті – қазақтың ұлттық тұқымды иттері, олар ежелден үй жануарларын қорғауға пайдаланылған. 2023 жылғы 20 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ ит тұқымдарын сақтау және көбейту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осыған орай, Президент былай деп атап өтті: «Біз тазы және төбет тұқымдарын халықаралық аренада насихаттауға тиіспіз».
Генетикалық зерттеу осы тұқым туралы таңғажайып фактілерді ашты. Ғалымдар Қазақстан мен Моңғолияның түрлі өңірлерінен 107 итті зерттеп, ДНҚ-ның тізбегіндегі қысқа тандемді қайталауларды (STR) талдаумен жұмыс істеді. Сонымен қатар олар екі төбет иттің толық геномдық секвенирлеу деректерін пайдаланып, оларды басқа 24 жұмысшы ит тұқымының геномдарымен салыстырды.
Зерттеуші топ: Анастасия Перфильева, Кира Беспалова, Елена Кузовлева, Рустам Мусабаев, Мамура Бегманова, Альмира Амиргалиева, Ольга Вишнякова, Инна Назаренко, Әсел Жақсылықова, Арайлым Ержан, Юлия Перфильева, Татьяна Джембаева, Анна Хамчукова, Константин Плахов, Айбын Төреханов, Лейла Жансүгірова, Гүлнұр Жунусова, Бахытжан Бекманов.
Зерттеу нәтижелері төбеттің жеті түрлі генетикалық кластерден тұратынын көрсетті, бұл тұқымның бай әрі күрделі мұрасын білдіреді. Тұқымның ежелден ұсақ малмен бірге көшіп-қонып жүргендіктен, оның біртекті болмауы мен шектелмеуі қиынға соқты. Сонымен қатар осындай генетикалық әртүрлілік тұқымға басқа тұқымдардан қанның үздіксіз құйылып отырғандығын көрсетеді.
Ерекше қызықты жайт, ғалымдар төбет тұқымының тибет мастифтерімен туыстығы туралы әлі күнге дейін кең таралған гипотезаны жоққа шығарды. Филогенетикалық талдау осы тұқымның түрік ақбасына жақын екенін, ортаазиялық төбетпен туыстығын және тибет мастифінен кем емес ежелгі екенін көрсетті. Мұны митохондрия ДНҚ-ның тізбегін талдау да растады. Екі төбет итінде A18 гаплотипі анықталып, ол ең көне жеті гаплотиптің қатарына кіреді.
Зерттеу нәтижелері тек көне тұқымның құпияларын ашып қана қоймай, оны сақтау мен жақсарту үшін алғашқы ғылыми негізді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.