«Қолын шауып тастаған»: Қызылордада 20 жыл құлдықта болдым деген азамат сөзінен тайқып шықты

Qaz365.kz редакциясы
24.Kz

Қызылорда облысы Қазалы ауданы Ақсуат ауылында тұратын бүтін бір отбасы 20 жыл құлдықта болғанын айтып, жанайқайын жеткізген еді. Ал бүгін әлеуметтік желіде отбасының қожайыны  Қожагелді Жалғасбаев басқаша сөйлей бастады, деп хабарлайды  Qaz365.kz

Осы жаққа 2004 жылы көшіп келдім. Ағайын адамбыз ғой. Құлдықта болған жоқпын. Ағайын болған соң, жай жұмсайды, көмектесеміз ғой. Ренішім жоқ. Үйімді алып беремін деп отыр, мал бермекші, - дейді Қожагелді Жалғасбаев.

Жергілікті блогер Үйтолған Жареке  әкесі «қолын шапты» деген сөзінен де тайқып отыр. Шөп турағыш шайнап кетті деп ақталды. Бірақ жұмыс уақытындағы жарақат кезінде жасалар құжаттар жасалмаған дейді.

Бұлар мал иесі байға бөтен емес, туған нағашысы екен. Қарақалпақстанда жағдайы болмай жүрген жерлерінен алдырған. Осы жұмысты беріп, бас-көз болып отырған. Ешқандай еңбек келісімшартысыз, құжатсыз. Момынның есебін қу табады демей ме? Әйтпесе анасының туған бауырына осыншалық жаны ашымастық көрсету үшін ол жиеннің жүрегі қандай болу керек? Бүгін: «Нағашы мен жиен татуластық. Ағайын арасы кикілжің еді. Малшы отбасына жылдар бойы мал бақтырып келген жиені үй алып беріп, еншісін беріп бөлек шығарып жатыр»,-деген ақпарат келді.Ағайын араласады. Қол сынса жең ішінде, бас сынса бөрік ішінде деп қазақшылықтары еске түсе қалады. Осы отбасы құм арасы құладүзде бейнетке батып, есесі еленбей жүргенде қайда сол қазақшылықтарың?Енді сол алып берген үйде тұрып қатарға қосылып кетсін, - дейді блогер.

Бұған дейін Жалғасбаев 24kz тілшісіне 20 жыл бұрын «жұмыс тауып беремін» деген уәдемен отбасымен бірге шекарадан алып өткенін мәлімдеген еді. Содан кейін 20 жыл бойы жергілікті кәсіпкер жалғыз өзін ғана емес, жолдасы мен бала-шағасын да қара жұмысқа жеккенін айтқан.