Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қайырымдылық іс-шарасы өтті

Qaz365.kz редакциясы

Акция тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болды

Фототілші: Жұмабай Мұсабеков

Облыста «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында эко-акциялар, дөңгелек үстел, дәстүрлі сенбіліктер және т.б шаралармен қатар қайырымдылық іс-шаралары да ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бүгін, 5 ақпанда Талдықорған қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалғызбасты және қарт адамдарға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциясы өткізілді. Акция барысында аулаларды, үй кіреберістерін, жүретін жолдарды қардан тазалау жұмыстары атқарылды. Шараға студенттер мен жастардан құралған еріктілер атсалысты.

«Мейірімді-Жетісу» волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Шырай Саматқызы :

«Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылып, қарт кісілердің жүріп-тұруын жеңілдету үшін ауланы толықтай қардан тазарттық. Бұл игі іс - ардагерлерге қолдау білдірудің бір көрінісі. Қарттар өз кезегінде еріктілерге алғысын жеткізіп, осындай қамқорлық қоғамдағы мейірімділікті арттыратынын айтты», - дейді.

Көмек алған зейнеткердің бірі Гвоздикова София Файзрахмановна:

«Мен үшін бұл - үлкен көмек. Аула тазалау маған оңай емес,  бүгін еріктілер келіп, барлығын ретке келтірді. Осындай игі істер көп болсын!», - деді ризашылығын білдіріп.

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 2024 жылдың 8 сәуірінен бастап барлық жоспарланған іс-шаралар белсенді өткізілді, жалпы сенбіліктер мен экоакцияларға 252 мыңнан астам адам қатысты.

Осы ауқымды экожобаны іске асыру басталғаннан бері облыс бойынша жалпы 2 322 бірлік техника жұмылдырылды, 12 822 тонна қоқыс шығарылды, 193 саябақ пен скверді, 721 тарихи-мәдени ескерткішті тазарту жұмыстары жүргізілді және 56 мыңнан астам қылқан жапырақты және қатты ағаш көшеттері отырғызылды.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы Жетісу облысында белсенді түрде ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болды.