Абай облысында оқушылар 85 жастағы әженің өмірін сақтап қалды

Qaz365.kz редакциясы

Әжей қазір ауруханада ем қабылдауда

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Көкпекті ауданында мектептің "Жас сарбаз" сыныбының оқушылары "Үлкенге құрмет" акциясының аясында қариялардың аулаларын қардан тазартып, үй жұмысына көмектесіп жүр. Кезекті мәрте қолғабыс етуге шыққан Расул Бақтыбеков, Ертай Айыпқазы, Ерасыл Дәуітхан жалғызбасты Фелисада Арабеж әжейдің үйіне барады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

"Әжейдің үйіне офицер-тәрбиешіміз Талғат Тоқтарұлының жетекшілігімен бардық. Біз келгенде үйдің ішкі жарығы қосылып тұрды. Есікті қағып, қоңырау соғып едік, жауап болмады. Бұл бізге күмән туғызып, көршілерден әжейді соңғы рет қашан көргенін сұрадық. Олардан қарияны соңғы 2 күннен бері сыртқа шықпағанын ести сала шүғыл әрекет жасауға шешім қабылдадық", - дейді оқушылардың бірі Ертай Айыпқазы.

Көршілермен бірге терезені сындырып, ішке енген оқушылар әжейдің ес-түссіз жерде жатқанын көреді. Бірден жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер қажетті ем-домын жасаған. Осылайша, оқушылар мен олардың тәрбиешісінің қырағылығының арқасында бір адамның өмірі құтқарылды. 85 жастағы Фелисада Арабеж әжей қазір ауруханада ем қабылдауда.

Аудан әкімдігі "Жас сарбаз" сыныбының оқушылары мен жетекшісіне алғыс білдіріп, олардың ерлігі мен адамгершілігін ерекше атап өтті. Қазір осы жас сарбаздың ерлігі ел аузында айтылып жүр.