Соңғы 5 жылда мектеп оқулықтарының стандарттары 12 рет өзгерген

Nur-Altay Umirzak

Нәтижесінде оқулықтар шығаруға кеткен экономикалық шығындар 16 млрд теңгеден асқан

Сурет: uni-leipzig.de

 

Соңғы 5 жылда мектеп оқулықтары стандарттарының бағалау өлшемшарттары 12 рет өзгерген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Жоғары аудиторлық палата орта білім беру саласына мемлекеттік аудит жүргізген.

«Білім беру стандарттары саласындағы реформалар жүйелі жүргізілмейді. Оқу жоспарларындағы жиі өзгерістер шығарылып қойған оқулықтарды қайта қарауға және бюджеттің тиімсіз шығыстарына әкеледі. Соңғы 5 жылда оқулықтарды қайта қарау салдарынан экономикалық шығындар 16 млрд теңгеден асқан. Оқулықтардың сапасын сараптау мен бақылауда кемшіліктер анықталды. 5 жыл ішінде бағалау өлшемшарттары 12 рет өзгерген, бұл орнықты бағалау жүйесінің жоқ екенін көрсетеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау ақпараттық жүйесі арқылы сараптама тәртібі іске асырылмаған, рәсімдер қағаз жүзінде жүргізіледі», –  делінген ЖАП есебінде.

Соңғы 5 жылдан бергі кезеңді қамтыған аудиторлық іс-шараның қорытындысына сәйкес, саладағы стратегиялық құжаттардың үнемі ауысып отыруы бұрынғы бастамалардың аяқсыз қалуына себеп болып отырған. Салдарынан білім беру саясатында сабақтастық пен тұрақтылық болмаған.