1500-ден астам жайдарманшы Астанаға жиналды

Qaz365.kz редакциясы

17 ақпан күні Маусымашардың ресми ашылуы өтті

Жайдарманның 2025 жылғы жаңа маусымы ресми түрде ашылды. Биылғы Маусымашарға 250-ге жуық команда тіркеліп, елордаға еліміздің әр өңірінен 1500-ден астам жайдарманшы жиналды, деп хабарлайды Qaz365.kz

17 ақпан күні Маусымашардың ресми ашылуы өтті. Осы күннен бастап командалар алғашқы редактурадан өтіп, әр деңгейдегі лигаларға іріктеледі. Биылғы маусымда командаларға бағыт-бағдар беріп, олардың шығармашылық деңгейін көтеру үшін тәжірибелі редакторлар тобы жұмыс істейді.

Жайдарман халықаралық деңгейге көтеріледі

Биылғы Маусымашар ерекше форматта өтуде. Қазақстандық командалармен қатар, бес елдің жайдарманшылары өз өнерлерін ортаға салмақ. Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Әзербайжан және Қытайдан келген командалар сайысқа түседі.

Жайдарман қозғалысының директоры Жанасыл Болатбектің айтуынша: Жайдарман халықаралық аренаға шығып, шекарасын кеңейтуде. 

«2025 жылғы маусымда шетелдік командалардың саны артып, ойын одан әрі қызықты болмақ. Халықаралық командалардың қатысуы – Жайдарманның танымалдығы артып, күллі түркі жұртын біріктіріп отырғанының дәлелі», - деді ол. 

Айта кету керек, шетелдік жайдарманшылар да қазақ тілінде өнер көрсетіп, әзіл әлеміне жаңа серпін әкелмек.

Маусымашар 17 ақпаннан 22 ақпанға дейін жалғасады. Аталған шара «Жастар Рухы» жастар қанатының қолдауымен өткізіліп жатыр.