«Осылай кете берсін бе»: Нұртөре Жүсіп неліктен журналистерге мәртебе сұрап жүр

Qaz365.kz редакциясы

Qaz365.kz сенатор Нұртөре Жүсіптен «Масс-медиа туралы» заң жобасы жөнінде сұрап көрді

Егемен

Журналистер қандай нормаларға наразы

«Масс-медиа туралы» заң жобасы журналистердің жиі талқылайтын тақырыбы қазір. Алдағы уақытта тілшілердің қызметі тікелей осы заңмен реттелетіндіктен, кәсіби орта құжаттың әр нормасын жіті зерттеуге тырысып, әркім пайым-пікірін білдіріп жатыр.

Мәселен, Әсет Матаев «Масс-медиа туралы» заң жобасы «Сөз бостандығының кепілдіктері» деп аталуы қажет деп есептейді. Оның жазуынша, цензураның кез келген түріне рұқсат бермей, журналистердің өміріне қауіп төндіргені үшін жазаны күшейту қажет. Ол сондай-ақ журналистер мен олардың материалдарын қорғаудың құқықтық құралдарын бекітуді, заңның қолданысын кеңейтіп, «әлеуметтік медиа» ұғымын енгізуді жөн деп біледі.

Жұмыс тобындағы журналистер Думан Смақов, Төлепберген Мәліков, Халима Тәжіқұл заң жобасының 26-бабында «ерекше жағдайларда БАҚ-та жариялау алдында лауазымды адамдармен ақпараттық хабарламаларды келісуі керек екені» жөніндегі норма цензураны заңдастыратынын атап өтеді. Олардың сөзінше, жобада медианы сотқа беру мерзімі (3 жыл деп белгіленген) алынып тасталған. Яғни журналист пенсияға шығып кетсе де, «мыңқырық жыл бұрынғы» мақаласы үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Журналистер «баспасөз картасына» да қарсы шығып, оны алалайтын және оларды қысымда ұстайтын тетік болатынын жазады.

Баспасөз картасы расында да қысымда ұстайтын тетік болатынын Ашық алаңдағы сенатор Айгүл Қаппарованың сөзін келтірген журналист Есенгүл Кәпқызы да растай түседі. Оның жазуынша, сол бағдарламада сенатор «баспасөз карталарды берумен, алып қоюмен сот айналыссын деген әңгіменің шетін шығарған».

«Егер ертең біздің тағдырымызды шешетін заң осы кісілердің қолына түссе не болады екен деген қорқыныш ұялады», - дейді Есенгүл Кәпқызы.

Журналистер сонымен бірге заң жобасында қылмыстық кодекстегі «Журналистер жұмысына кедергі келтіру» бабын декриминализациялау туралы жазылғанына наразы. Жолдас Өрісбаев декриминализация тіпті журналист жұмысына кедергілерді арттыратынын жазады.

«Айт, жаз – ешкім шектеп жатқан жоқ секілді»

Журналист Асан Анарбайұлы таяуда әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында жұмыс тобы мүшелерінен мәселенің мәнісін сұраған. Алайда оның жазбасына пікір қалдырған сенатор Нұртөре Жүсіп жұмыс тобының құрамында барын білмейтінін жазды. Мақсат Толықбай да «тізімде жүр екенмін, бірақ ешқандай жұмыс тобының отырысына қатысқан емеспін» дейді.

Осы ретте Qaz365.kz тілшісі сенатор Нұртөре Жүсіпті сөзге тартып көрді.

– Қазір журналистер ортасында қызу талқыға түскен мәселе – масс-медиа туралы заң жобасы. Құжат қазір қандай сатыда қаралып жатыр?

– Өкілетті орган заң жобасын даярлайды. Ол орган бізде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Бұрынғы қолданыстағы БАҚ туралы заң атауы өзгертіліп, қазір «Масс медиа туралы» деген жоба әзірленіп, Әділет және zakon.kz парақшаларында талқылауға шығарылды.

 Заң жобасы Мәжіліске берілуі керек. Алайда, Мәжіліс тарқауына байланысты жаңа құрам қалыптасқанға дейін заң жобасы талқылауда болады. Журналистер қауымдастығы тарапынан: «Біраз тұстарын жетілдіру керек» деген ұсыныстар айтылып жатыр. Осылардың барлығы пысықталуы керек. Күні кеше болған баспасөз мәслихатында комитеттің тиісті өкілі айтылған сын-пікірлер ескерілетін болады деп жауап беріпті.

– Заң жобасында журналистердің құқығы мен бостандығынан гөрі, міндеттері мен жауапкершілігі басым деген пікірлерді оқыдық. «Цензураны күшейтетін нормалар бар» деп жұмыс құрамындағы журналистер де айтып жатыр. Нақты қандай нормалар барын зерттеп көрдіңіз бе?

– Бұл туралы екі құжатты атап өту керек. Біріншісі, министрлік  «Ақпараттық доктрина» құжатын әзірледі. Ол жаңа құжат. Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі тұжырымдамалық сипаты бар біраз мәселелерді қамтыған.

Екіншісі – «Масс медиа» туралы заң жобасы. Бұл заң жобасынан журналистердің күтетіні не? Өзіміз журналистер мәртебесі туралы көп айттық. Ол туралы депутаттық сауал да жолдадым. Ол депутаттық сауалдан кейін, президенттің алдында бұрынғы заңнан бөлек, арнайы заң жобасын әзірлеу керек екені айтылды. Соңғы уақытта қоғамда біраз құбылыстар болды. Пандемия болды, қаңтар оқиғасы орын алды. Қоғамдағы өзгерістерге байланысты, жаңа заң жобасын әзірлеу туралы тапсырыс болған. Осыған байланысты өкілетті орган заң жобасын әзірледі.

Кез келген заң жұрттың барлығының көңілінен шығады деп айта алмаймын. Пресс-картаны жақтайтындар да бар жақтамайтындар да бар. Қолдайтындар ол карта арқылы ипотекалық баспана алу, жеңілдіктер сияқты журналистік қызметіндегі әлеуметтік пакеттерді алуға деген үміті бар. Екінші тарап, бұл картаны тіркеу арқылы цензура күшейтіледі дейді. Қалай болғанда да заң жобасы Мәжіліске келіп түсу керек. Мәжілісте жұмыс тобы құрылып, талқылануы керек. Тиісті ескертулер мен ұсыныстар сол жерде сұрыпталып, салыстырмалы кесте арқылы алып тастайтын баптар болса алып тастап, қосатыны болса қосылады. Сол Мәжіліс қабылдап болған соң, заң бойынша Сенатқа келіп түседі. Заң жобаға қатысты әріптестердің пікірі сұралып жатыр.

«Масс медиа» туралы заң жобасын қарайтын жұмыс тобында бар екеніңізді бірінші рет естіп тұрғаныңызды пікірде атап өтіпсіз. Бұл қалай болды?

– Кеңес алуға, әртүрлі пікірлерді тыңдауға Өкілетті орган жұмыс тобын заңды әзірлеу барысында құруы мүмкін. Мен министр Дархан Қыдырәліге кездесу кезінде ойымды айтқанмын. Ол кісі де қолдаған. Менің көтеріп отырған мәселем – журналистердің мәртебесі. Одан кейін, олардың кәсіби міндетін атқаруы мәселесі. Пандемия жағдайы болсын, төтенше жағдайы болсын журналистің ақпаратқа қол жеткізу мәселесі. Ал заң жобасында журналист тек ақпарат алушы, өңдеуші және таратушы адам ғана. Пандемия кезінде қайтыс болған дәрігерлерге 10 млн теңге, ауырғандарға 2 млн теңге жәрдемақы берілді. Журналистер де қайтыс болды. Олар да басын қауіпке тігіп, сол жерде жүрді. Оларға дәл сондай қамқорлық жасалды ма?

– Парламент қабырғасында журналистер мәртебесі туралы заңды бірнеше жылдан бері көтеріп келесіз. «Егер мемлекет журналистің жағдайын жасап, әлеуметтік пакет қарастыратын болса, «береген қолым алаған» дегендей ертең журналистердің сөз еркіндігін шектейді деген қарама-қайшы пікір бар. Сіз олай ойламайсыз ба?

 – Депутаттық сауалды жолдаған кезде Алматы қаласының газет тілшісі хабарласып, бұл олардың еркіндігін шектейтіні туралы айтты. Одан «баспанаң бар ма?», «айлығың қанша?», «осылай кете берсін бе?», «баспана алуға мүмкіндігің бар ма?» деп сұрақ қойдым. Тосылып қалды. Қазір айт, жаз, мәселені көтер – ешкім шектеп те жатқан жоқ сияқты ғой негізі.

Мен де баспасөздің еркіндігін қолдаймын. Заң қабылданса да, қабылданбаса да баспасөз еркіндігі қоғамды алға жылжытатын басты қағидаттың бірі. Қандай жағдай болмасын, журналистің құқығы болуы керек. Бірақ Конституциядағы талаптарды бұзбай, әрине, заң шеңберінде жұмыс істеуі керек деп ойлаймын.