Ауызашарды «ифтар», сәресіні «сухур» деп атаудан аулақ болайық – Бас мүфти

Nur-Altay Umirzak

Биыл Рамазан айында мұсылман қауымы 29 күн ораза ұстайды

Сурет: ҚМДБ

Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Қазақстанның бас мүфтиі осылай деп жамағатты діни терминдерді бұрмаламай, қазақша атауға шақырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айына орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтты.

 “Жастарды діни терминдерді қазақша айтуға шақырамын. Өкінішке орай кейбір жас буын өкілдерінің Ауызашарды «ифтар», сәресіні «сухур» деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолын ұстанған ата-бабаларымыз “ауызашар”, “сәресі” деген сөздерлді қолданған. Біз де бабалапр жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден аулақ болып, ана тілімізде сөйлеуге барынша тырысайық”, – деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Еске сала кетейік, биыл Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – ораза айт мерекесі. Биыл Рамазан айында мұсылман қауымы 29 күн ораза ұстайды.

Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 655 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.