Ораза-2025: Астанадағы намаз және ауызашар кестесі

Nur-Altay Umirzak

Астанада 1 наурызда таң намазы жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 05:28-де басталады

Сурет: Qaz365.kz

Биыл қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы мен еліміздің барлық қалалары үшін намаз және ораза ұстау  кестесін жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Астанада 1 наурызда таң намазы жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 05:28-де басталады. Сәресі таң намазы басталғанға дейін 10 минут бұрын аяқталуы керек.

Ауызашар уақыты сол күні сағат 18:00-те. Осы уақытта сіз ауыз ашып, тамақты бастай аласыз. Ауызды құрма немесе сумен ашқан жөн.

Ауыз бекітер алдында оқылатын дұға ниет:

"Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә".

Мағынасы: "Таң атқаннан күн батқанға дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім". 

Сондай-ақ, ауызашар кезінде мына дұғаны айту керек:

"Аллаһуммә ләкә сумту, уә бикә әмәнту уә алә ризқикә әфтарту, уә аләйкә тәуәккәлту уә ли сауми ғадин нәуәйту!"

Мағынасы: "Я, Аллам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Менің өткен және келешек күнәларымды кешір".

Еске сала кетейік, наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – ораза айт мерекесі. Биыл Рамазан айында мұсылман қауымы 29 күн ораза ұстайды.

Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 655 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.