Олар қандай соммада әлеуметтік төлем алады
Былтыр елімізде 277 мың адам бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алса, соның 500-ге жуығы — ер адам, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ мәліметінше, декреттік демалыста отырған ерлердің үлесі Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысында жоғары.
Мәселен Павлодарда әлеуметтік төлем 2023 жылы 7 865 адамға тағайындалған. Соның 40-ы — ер адам. Өткен жылы 7825 әйел өмірге нәресте әкелсе, бала күтімімен 33 әке үйде отырған.
СҚО-да бала туу көрсеткіші екі жылдан бері бірқалыпты, шамамен 4,5 мың нәресте дүниеге келген.
Алайда 2023 жылы 10 ер адам, былтыр 18 ер адам декреттік демалысқа шыққан. Үлесі — 0,5%.
Бұдан кейін 0,3% көрсеткішпен Алматы, Астана қалалары және Жамбыл облысы келеді.
Қызылорда мен Батыс Қазақстан облыстарында бала күтімімен үйде отыратын ерлердің саны өте аз.
Қызылордада былтыр шамамен 14,7 мың әйел босанған, екі жағдайда ғана бала күтіміне байланысты ер адамдар үйде отырған.
Бала туу көрсеткіші бойынша алда тұрған Түркістан облысында былтыр 37 мың сәби дүниеге келіп, 29 ер адам декреттік демалысқа шықты.
Жалпы былтыр қор бала күтіміне байланысты кірісінен айырылғандарға 404,1 млрд теңге әлеуметтік төлем жасаған.
Мамандардың айтуынша, қазір бала туғаннан кейін баланың ата-анасының біреуі біржолғы әлеуметтік мемлекеттік жәрдемақы ала алады. Бірінші-үшінші балаға — 38 АЕК, төртінші баладан кейін 63 АЕК мөлшерінде төлем жасалады.
Жұмыс істейтін анасына немесе әкесіне 1,5 жасқа дейін бала күтіміне қордан әлеуметтік төлем жүргізіледі. Жұмыс істемейтіндерге бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы беріледі.
Бірінші балаға — 5,76 АЕК, екінші балаға — 6,81 АЕК, үшінші балаға — 7,85 АЕК, төртінші баладан бастап 8,9 АЕК мөлшерінде төленеді.