Әскери резервке қабылданатын тұлғаларға қойылатын талаптар белгіленді
Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Құжат арқылы резервтегі әскери қызметті өткеру туралы келісімшарттың мерзімі, оны жасасудың және сабақтар, жиындар өткізу тәртібі айқындалады. Келісімшарт ерікті түрде үш жылға жасалатын болады, ал жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар мен жиындар ай сайынғы үш күнге дейінгі сабақтарды қоса алғанда, жылына күнтізбелік алпыс күннен аспайтын уақытты алады.
"Әскери резервтегі адамды әлеуметтік қорғау бойынша бірқатар нормалар көзделеді. Атап айтқанда, оған ай сайын бюджет қаражаты есебінен ең төмен жалақы, ал жауынгерлік даярлық бойынша жиындардан немесе дағдарыстық ахуалдар кезіндегі жиындардан өту кезеңінде ең төмен (жұмыссыз адамға) және жұмыс орны бойынша орташа айлық жалақы (жұмыс істейтін адамға) төленеді, оның жұмыс орны (лауазымы) сақталады. Олардың толық көлемде медициналық қамтамасыз етілу, тамақтану, жарақат алған жағдайда біржолғы өтемақы алу мүмкіндігі бекітіледі. Ол жиындар мен оқу-жаттығулар кезінде қайтыс болған жағдайда, біржолғы ақшалай өтемақы, ал оның мұрагерлеріне – 500 АЕК мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу көзделеді", – делінген қорытынды құжатта.
Әскери резервке қабылданатын тұлғаларға қойылатын талаптар белгіленді. Атап айтқанда, жеке және кәсіби қасиеттердің болуы, білімі, жас шектеулері (жеке құрам мен сержанттар үшін –18 жасқа толған және 47 жастан аспаған, офицерлік құрам – 57 жасқа дейін), міндетті түрде мерзімді әскери қызметті өту немесе әскери кафедрада дайындықтан өту.