Облыстың 5 өңірінде табиғи монополиялар туралы заңнамасы өрескел бұзылған
Солтүстік Қазақстан облысының 5 өңіріндегі кәсіпкерлері үшін сумен жабдықтау тарифтері 6 жылдан бері негізсіз көтеріліп келген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Талдау аясында облыс прокуратурасы табиғи монополиялар туралы заңнамасының өрескел бұзушылықтарын анықтады. Мәселен, Айыртау, Қызылжар, М. Жұмабаев, Мамлют, Тайынша аудандарының табиғи монополиялар субъектілері тарифтерді қалыптастыру қағидаларының талаптарына қайшы, кәсіпкерлерден олардың тұтынушылардың екінші тобына (заңды тұлғалар) жатқызылғанына қарамастан, 2019 жылдан бастап бюджеттік ұйымдар ретінде тұтынылған сумен жабдықтау үшін негізсіз ақы алған. Мысалы, Қызылжар ауданында қабылданған шаралар нәтижесінде бизнес үшін су тарифі 1017,63 теңгеден 343,41 теңгеге немесе 66% - ға дейін төмендетілді. Сол сияқты Мамлют (787,72 теңгеге немесе 59,7% - ға), М.Жұмабаев (30 теңгеге немесе 2,7% - ға), Тайынша (2,48 теңгеге немесе 0,3% - ға) аудандарында тарифтер төмендетілді”, – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды, сумен жабдықтауға арналған тарифтер кәсіпкерлік субъектілері үшін жеке топты енгізу жолымен сәйкес келтірілген.