«ЕЛДЕН СӘЛЕМ!» – Абай облысында көктем мен достық фестивалі бастау алды

Qaz365.kz редакциясы

Өнерпаздарды дәстүрге сай Көрісу рәсімімен қарсы алды

Бір айдан астам уақытқа созылатын ауқымды фестиваль Абай облысының тұрғындарын көктемгі мерекелердің шаттық көңіл-күйімен біріктіреді, деп хабарлайды Qaz365.kz

14 наурыздан бастап Абай облысында Наурыз мейрамына арналған ірі мәдени жоба – «ЕЛДЕН СӘЛЕМ!» фестивалі бастау алды. Фестиваль дәстүрді, өнерді, халық шығармашылығын және іскерлік бастамаларды тоғыстырып, бірлік пен ұлттық жаңғырудың ерекше атмосферасын қалыптастырады.

Жобаның сәтті бастамасы – Наурыз мейрамының бастауы саналатын Көрісу күні мерекесімен тұспа-тұс келді. Алдағы бірнеше апта бойы мәдени бағдарлама облыстың барлық аудандары мен қалаларын қамтып, шығармашылық, тәжірибе алмасу және достық қарым-қатынас алаңына айналады.

«Облысымызда мұндай шара алғаш рет өтуде. Басты мақсат – аудандар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу», – дейді Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Толқын Берікбекова.

Бүгін фестиваль аясында Жарма ауданында Бесқарағай ауданының мәдениет күні бастау алды. Бесқарағайлық өнерпаздарды дәстүрге сай Көрісу рәсімімен қарсы алды.

Ал Көкпекті ауданынан келген жоба қатысушылары өздерінің өнері мен жетістіктерін көрсету үшін Бородулиха ауданына аттанды.

Шығармашылық ұжымдардың мерекелік бағдарламасы, ауылшаруашылық жәрмеңкелері, бизнес және мемлекеттік құрылым өкілдері арасындағы іскерлік кездесулер – мұның бәрін бір жобада авторлар сәтті үйлестіріп, күрделі әрі қызықты міндетті сәтті орындады.

Фестивальдің қорытындысы бойынша Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды гала-концерт өтеді.«ЕЛДЕН СӘЛЕМ!» фестивалі Абай облысы тұрғындары мен барша қазақстандықтар үшін биылғы жылдың ең есте қаларлық оқиғаларының бірі болатыны сөзсіз.