Шымкентте Тазару күнінде бір мыңнан астам түп ағаш егілді

Qaz365.kz редакциясы

«Бір тал кессең, он тал ек» деген акция ұйымдастырылды

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Наурызнаманың Тазару күні деп жарияланған қорытынды күнінде Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтіп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жаңадан бой көтеріп келе жатқан Шымкент-Сити шағынауданында «Бір тал кессең, он тал ек» деген акция ұйымдастырылып, аудан тұрғындары 2600-ден астам түп шынар ағаш көшеттерін отырғызды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы басшылыққа алған топтың қатарында  қала тұрғындары, қоғам белсенділері, еңбек ардагерлері, еріктілер мен белсенді жастар, барлығы 200-ден астам адам бар. 

– Халқымыз ежелден Наурызда бұлақтың көзін ашып, айналаны күл-қоқыстан тазартып, ағаш егіп, табиғатқа қамқорлық танытқан. Сол дәстүрді сақтаған еліміз үшін Тазару күні жаңа жылды жаңа мақсат, жаңа үміт және таза ниетпен қарсы алудың символына айналып отыр, – деді Шымкент қаласы Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бастархан Байжанов. 

Сонымен қатар Тазару күнінде Шымкент қаласының барлық аудандарында «Таза аула» атты экологиялық іс-шара өтті. Оған бүкіл қала бойынша 4 мыңнан астам адам қатысып,  аулалар мен көшелердің бойын күл-қоқыстан тазартты. Ағаштардың түбі әктеліп, қураған бұталары кесіліп, ретке келтірілді. Қоқым жәшіктері, қоршаулар мен орындықтар сырланды. 

Айта кетейік, Наурыз мерекесінен басталған бұл игі іс бүкіл қала аумағында сәуір айында да жалғасын таппақ.