Таразда алғаш рет Жастар театры ашылды

Qaz365.kz редакциясы

Облыста талантты театр саңлақтары жетерлік

Бүгін - Халықаралық Театр күні. Киелі Әулиеата өңірі ел мәдениетіне үлкен үлес қосқан ерекше өңір. Өздеріңіз білетіндей, аймақтан қаншама  қазақ мәдениеті мен өнерінің қайраткерлері, белгілі тұлғалар, ақын жазушылар  шыққан қасиетті мекен, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әрі облыста талантты театр саңлақтары жетерлік. Олардың өнерін тоғыстыратын ортақ орда қажет-ақ. 2023 жылдың 5 қазанында өткен сегізінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті, жетінші сессиясында облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеевке Жастар театрын ашу туралы мәселе айтылған. Себебі, 1 млн-нан аса тұрғыны бар облыста Жастар театры жоқ. М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетінде мәдениет және өнер кафедрасын жыл сайын 50 студент тәмамдаса, олардың жұмыспен қамтылуы да күн тәртібіндегі мәселе.

Енді міне, араға көп уақыт салмай, талай мінберлерде көтерген мәселеміз сөз жүзінде қалып кетпей, Жастар театрының тұсаукесері болды. Шымылдығын жаңадан түрген мәдениет ордасының жұмысына өңір басшысы сәттілік тіледі. 

Әкімдік Жастар театры сан қырлылығымен, жаңашылдығымен  өзіндік орнын айрықша  белгілейтін, жас та болса, жасампаз өнер ордаларының бірі болатындығына сенім білдірді.