Көкшетауда өрт шыққан үйден 50 адам шыға алмай қалған

Qaz365.kz редакциясы

Құтқарушылар жылдам әрекет етті

Фото: ТЖМ

Көкшетауда алапат өрт шыққан үйден 50 адам шыға алмай қалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

ТЖМ мәліметінше, Көкшетау қаласының С.Буденный көшесінде орналасқан көппәтерлі үйлердің бірінің 3-қабатында пәтерде жиһаз өртенген.

Құтқарушылардың жылдам әрекетінің арқасында өрт өзге бөлмелерге таралып кетпей, тез сөндірілді.

«Өрт сөндірушілер түтін толған пәтерден 1975 жылы туған ер адамды ес-түссіз күйде көтеріп алып шықты. Сонымен қатар, улануды болдырмау мақсатында құтқару қалпақтарының көмегімен 8 адамды, оның ішінде 2 бала құтқарылды. Оған қоса, подъездің 41 тұрғыны, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды. Күйік шалған зардап шегуші медициналық жедел жәрдем бригадасына табысталды. Өрттің себебі анықталып жатыр», - делінген ТЖМ хабарламасында.