Мәжілісмен Магеррам Магеррамов: Бағаны реттемейінше, халық жалақының өскенін сезбейді

Qaz365.kz редакциясы

Депутат мемлекеттік бюджет мәселесіне қатысты фракцияның ұстанымын да түсіндірді

Jibek Joly телеарнасындағы журналист Ерболат Мұхамеджанның авторлық жобасы — «Уәде» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов Үкіметтің қазіргі экономикалық саясатын қатаң сынға алып, инфляцияның жоғары деңгейінде бағаны реттеудің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутаттың айтуынша, жалақы, зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің көбеюі азаматтарға нақты пайда әкелмейді, өйткені тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуі бұл үстемелерді «жұтып қояды».

— Халық жақсарған жағдайды сезініп үлгермей жатыр. Біз бағаны тікелей бақылау керек деп отырған жоқпыз — бөлшек саудада реттеу қажеттігін айтып отырмыз, — деді ол.

Магеррамов Батыс елдерін мысалға келтіріп, ол жақта бағаның өсуіне 20–30%-дан аспайтын шектеу бар екенін айтты. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш кей жағдайда 100–200%-ға дейін жетеді. Бұл, оның пікірінше, табыстың ресми өсуіне қарамастан, халықтың кедейленуіне алып келуде.

Сондай-ақ ол мемлекеттік бюджет мәселесіне қатысты фракцияның ұстанымын да түсіндірді. Соңғы нұсқасы қолдау тапқанымен, Магеррамовтың айтуынша, бұл шешім төтенше жағдайларды ескеріп қабылданған: «Үкімет ақпанда тағайындалды, кейін табиғи апаттар орын алып, барлық ресурстар салдарды жоюға бағытталды. Біз аванс бердік. Бірақ келесі жолы ондай жұмсақтық болмайды».

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан халық партиясы әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етпейді деген уәжбен бюджетті қолдамаған еді.