Сарығаштағы орталықта ерекше баланы мұғалім сүйреген сәт видеоға түсіп қалды

Qaz365.kz редакциясы

Орталықты Елдос Сәбитов есімді азамат басқарады

Сурет: Бейнеден кадр

Әлеуметтік желіде «Әділ кәсіподақ» ұйымы Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы жантүршігерлік сәттің видеосын жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

13 жастағы Еркебұлан Жақыбай – ерекше күтімді қажет ететін бала. Даун диагнозы бар бүлдіршін Сарыағаш қаласындағы «Ақылды бала» коррекциялық орталығына барады екен.

Сурет пәнінен сабақ беретін Марлен есімді азаматтың баланы аяғынан сүйреп, жерде жатқызып, бұрышқа тақап қойып күш көрсеткен сәті видеоға түсіп қалған.

Еркебұланды сабақтан алып кетуге келген анасы Гүлжауһар Жорабековаға баласы: «Ағай мені ұрды. Қатты қорқып кеттім, жүрегім ауырып жатыр» деп жылаған.  Еркебұланның жүрегіне бұған дейін екі рет ота жасатқан.Егер сол сәтте жүрегі тоқтап қалса — кім жауап береді?

Біз мына жағдайға үнсіз қала алмаймыз!- дейді кәсіпқодақ өкілдері.

Орталықты Елдос Сәбитов есімді азамат басқарады. Әзірге құзырлы органдар бұған қатысты пікір білдірген жоқ.