Тереңдігі 1 метр: Шымкентте салынғанына жыл болмаған тас жолдың күйі адам шошырлық

Nur-Altay Umirzak

Жол нығыздау жұмыстары тұрғындардың өз есебінен жүргізілуі керек болған

Сурет: Бейнеден кадр

Шымкенттегі Тассай шағын ауданында төселген жаңа асфальт жылға жетпей бүлінді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Тассай шағын ауданының тұрғындары көлік қозғалысы қиындап кетті деп отыр.   Асфальттың ойық-шұңқыры көбейгенде көлік қозғалысы қиындады. Ал басы ауырып, балтыры сыздаған жанға жедел-жәрдем қызметі жете алмай  қаңтарылып қалады.

“Балалар көшеде толып ойнайды. Оны аңдып, қарап отырмаса самокаттың екпінімен келіп түсіп кетсе не болады?! Менің жас шөберем түнде ауырып қалып, жедел жәрдем шақырдық. Көлік жүре алмайды ғой. Дәрігерлерді жаяу жетектеп келдік. Ұзындығы 900 метрге жететін көшенің үштен бірі осындай күйде.”, – дейді қала тұрғыны Орақ Ахметов.

Тұрғындардың пікірінше жолдың алғашқы жамылғысы нығыздалмай жатып асфальт төселген.

«Кішкене ковшпен келді де бетін жапты да кетті. Мен сол кезде айттым. «Ой көке, ешнәрсе болмайды, бәрі ойдағыдай болады» деп – кетті міне», –  дейді тұрғын.

Жаңа жолдың сапасы сын көтермеді. Айбын көшесіне төселген асфальттың алғашқы жауын мен ақ қардан соң ой, шұңқыры шығып жатыр. Қуанышы көпке созылмаған тұрғындар тереңдігі 1 метрдей болатын ойықтардан адам өміріне қауіп төніп тұрғанын айтады.

«Айбын көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстары былтыр қазан айында аяқталды. Оған дейін кәріз жүйесі тартылып, құдыққа құбыр қосу ісін абоненттер өздері атқарды. Бірақ асфальт төселместен қазылған жол бөлігі бүлінуге алып келді», –  дейді сала мамандары.

Енді мердігер кепілдік мерзімге сәйкес асфальтты қалпына келтіреді. 

“Қайта нығыздау жұмыстары біздің орташа жөндеу жұмыстарының аясына мүлде кірмейді. Мұны тұрғындар өз есебінен жүргізуі керек болған. Тапсырма берілді. Мердігер өзінің асфальтын қайта қалпына келтіреді. Негізгі жұмыс 2-3 күн уақыт алуы мүмкін. Бірақ біз табиғи нығыздалуын күтеміз”, – деп отыр қалалық Жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының бас маманы Бағдат Орынбай.

Былтыр Тассай тұрғын алабындағы инфрақұрылымды жақсарту үшін 37 көшеге орташа жөндеу жасалды. Қала қазынасынан бөлінген 816 млн теңгеге асфальт төселді. Бірақ тұрғындар жол сапаға сай бола бермейтінін айтады.