Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин эндаумент қорларын құрудан келер негізгі қауіпті атады, Qaz365.kz.
Эндаумент-қорлар құрылады, ертең үлкен ақшалар жиналады. Бұл қордың иелері сол мектептердің ішінде дін атын жамылған уағыздар жүргізу, басқа біздің дәстүрімізге нұқсан келтіретін кейбір идеологиялық мәселелерді іске асыруы мүмкін. Солардың ішінде мемлекеттік стандарттармен жұмыс жасаймыз дейді де, басқа бір істермен айналысып кетуі мүмкін. Осыны қалай қадағалаймыз, қалай бақылаймыз? Егер сондай шаралар жүріп жатса, бұл қордың жұмысын тоқтататын нормалар бар ма? Ертең олар толық тәуелсіз болып, мемлекеттің айтқанын тыңдамай, өздерінің іс-әрекеттерімен айналысып кетпей ме? Заңда осы мәселе қарастырылған ба?, - деп сұрады депутат Еділ Жаңбыршин ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен.
Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, діни сала қаралып отырған заң жобасының аясынан шығарылған.
Эндаумент қорлардың халықаралық тәжірибесіне сәйкес, салымшылармен берілген ақша қайырымдылық ретінде есептеледі. Олар білім немесе спорт ұйымына толыққанды береді, олардың құрылтайшы ретінде ешқандай құқығы жоқ. Тек қана сол ұйымды қолдау үшін активтерді береді. Ешқандай тікелей қатысы жоқ. Әрине, бейресми немесе басқа да ықпалы болуы мүмкін. Бірақ заңды түрде шектеу қойылған, - деп жауап берді Саясат Нұрбек.
Осы тұста Еділ Жаңбыршин министрге қосымша сұрақ қойды.
Иә, мен оны түсініп отырмын. Заңда бәрін әдемілеп жазып қоюға болады. Бірақ егер сол заңды бұзып жатса, қалай біз оларды тексере аламыз? Ондай механизмдер бола ма деген мәселе, - деді депутат.