Шараға аудан әкімдігі, мектеп ұжымы, ауыл тұрғындары белсене қатысты.
Алтынсарин ауданында өткен сенбілік науқан бір күндік шара емес, бірлік пен жауапкершіліктің айқын көрінісіне айналды. Тәуелсіздік саябағында өткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жалпы сенбілік пен көшет отырғызу жұмыстары – ел ішіндегі экосана мен экобелсенділіктің нақты белгісі. Шараға аудан әкімдігі, мектеп ұжымы, мұғалімдер мен оқушылар, сондай-ақ экология мәселесіне бей-жай қарамайтын ауыл тұрғындары белсене қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сенбіліктің басты мақсаты – Обаған ауылындағы табиғи ортаның ластануын тоқтатып, ауылды қоқыстан арылту, алдағы уақытта экологиялық ахуалды жақсарту жолдарын бірлесе пысықтау.
«Бүгін ауданымызда “Таза Қазақстан” акциясы аясында сенбілік жүргізілуде. Бұл сенбілікке 100-ден астам қызметкер қатысып жатыр. Бұл – ауданның тазалығын ғана емес, бірлестік пен ұйымшылдықты көрсетеді. Әркім өз ауданын таза ұстауы керек», – деді карьерлік орталық қызметкері Серік Ерқанат.
Жастар мен әкімдік қызметкерлері ауылды тазартуға шығып, қоқыстарды жинап, көшеттер отырғызды. Бұл – науқаншылдыққа емес, нағыз нәтижеге бағытталған нақты қадам. Шара соңында экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі қарар қабылданып, қатысушылар бірлескен іс-шараларды жүйелі түрде жалғастыруға ниет білдірді.
Сонымен қатар, экология тақырыбында өткен дөңгелек үстел – жастарды тәрбиелеудің, тұрақты даму қағидаттарын түсіндірудің, және табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйретудің маңызды алаңына айналды.
Аудан әкімі барлық қатысушыға алғыс білдіріп, мұндай шаралардың тек сенбілікпен шектелмей, жүйелі түрде жалғасуы қажет екенін атап өтті.
Бұл сенбілік – күртешемен суретке түсіп кететін науқан емес. Бұл – нақты әрекетке көшкен қоғамның белгісі. Алтынсариндіктер «тазалық – ортақ іс» деген ұстанымы өзгелерге де үлгі болар деп сенеді.