Жамбыл жерінде «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтеді

Qaz365.kz редакциясы

Грейг қызғалдағы Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген

Фото: Дмитрий Доценко

2–3 мамырда Грейг қызғалдағының отаны боп есептелетін қасиетті Жамбыл өңірінде халықаралық фестивалі өтеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мерекелік бағдарлама аясында ғылыми-практикалық конференция, ұлттық спорттық ойындар өтеді. Сондай-ақ қолөнершілер мен флористер көрмесі, қазақтың көне дәстүрі – «Қымызмұрындық» рәсімі, дәмі тіл үйірер тағамдар ұсынылатын арнайы фудкорт алаңы ұйымдастырылады.

Табиғатпен үндесіп, тарих пен өнер тоғысатын тамаша жоба барысында жергілікті 100 қолөнерші бірігіп, 200 шаршы метр алып киіз басудан әлемдік рекорд қоюды жоспарлап отыр. 

Өтетін жері: Талас ауданы, Есей би ауылы, Қаратау тауының бөктері. 

Айта кету керек, Грейг қызғалдағы – өте сәнді өсімдік. Шу-іле тауларында, Талас және Қырғыз Алатауында да кездеседі. Қазір Ақсу-Жабағылы қорығында сақталган. Алматы, Қарағанды, Жезқазған ботаникалық бақтарыңда қолдан өсіріледі. Грейг қызғалдағы өте сирек кездесетін түр болғандықтан, қорғауға алынып, Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген.