Мұраталы Төлепбергенұлы – сол бейбіт күннің тірі куәсі
Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің өкілдері Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, Жеңістің сексен жылдығында жүз жасқа толғалы отырған Мұраталы Төлепбергенұлының шаңырағына арнайы барып, амандығын біліп, шағын сый-сияпат жасап, ардагерге деген ыстық ықыласын білдірді. Бұл – соғыс пен бейбіт өмірдің талай белесін өткерген ардагерге жасалған лайықты құрметтің бір парасы ғана, деп хабарлайды Qaz365.kz Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұраталы ақсақал 1925 жылдың 20 мамырында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылында дүниеге келген. 1943 жылы 17 жасында майданға аттанып, Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк, Биттенберг, Перлеберг қалаларының қанды шайқастарына қатысқан. Германияның Биттенберг қаласында жауынгерлік жолы жеңіспен аяқталып, еліне тек 1950 жылы оралған. Жалпы, Мұраталы атаның әскер қатарындағы қызметі 7 жыл 6 айға созылыпты.
Сұрапыл соғыс жылдарында бес ағайынды Төлепбергеннің балалары – Әбдіәлі, Мырзалы, Сыдықәлі, Дәуренәлі және Мұраталы – түгел әскерге алынып, әр майдан даласына бөлініп кеткен. Ағайындылардың ішінен тек үшеуі – Мұраталы, Сыдықәлі, Әбдіәлі ғана елге оралған. Ал Дәуренәлі мен Мырзалы ағалары майдан даласында ерлікпен қаза тапқан. Бүгінде ғасыр жасап отырған қария Шымкент қаласында тұрады. Екі ұл, алты қыз өсіріп, 21 немере, 3 шөбере сүйіп отырған ардақты ата. Мемлекет тарапынан да ардагерге тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. 2014 жылы Шымкент қаласынан 1 бөлмелі пәтер берілсе, 2024 жылы 2 бөлмелі жаңа баспана кілті табысталды.
Ардагердің ерен ерлігі мен елге сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. 1950 жылдан бастап Түлкібас МТС-те бригадир, кейінірек Калинин колхозында бухгалтер, ферма меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады.
Елге тыныштық пен ұрпағына амандық тілеген ардагерге құрмет көрсетушілер көп. Сонымен қатар, былтырдан бері әкімдік тарапынан ардагерлер мен олардың жақындарына ауқымды әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп келеді. Мәселен, 9 мамырға орай 2 ҰОС ардагеріне – әрқайсысына 1272 АЕК немесе 5 001 504 теңге мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек тағайындалған. Ал 166 ардагерге –176 940, 1586 тыл ардагеріне – 58980, 70 жесірге – 58980 теңгеден, ал 170 марқұм әскери қызметшінің отбасына да дәл осындай көлемде көмек көрсетілген. Барлығы 1994 адамға жалпы 147 миллион теңге қаражат аударылып отыр.
Бүгінгі жас ұрпаққа бейбіт өмірдің қандай ауыр жолмен келгенін ұмытпау – қасиетті парыз. Мұраталы Төлепбергенұлы секілді ардагерлер – сол бейбіт күннің тірі куәсі. Ол кісінің батырлығы мен өмір жолы – тарих, тағылым, тағдыр. Жүз жас жасаған ардагердің ақ батасы – баршамызға аманат. «Майданға 1943 жылы аттандым.
“Ол кезде небәрі он жеті жаста едім. Соғыс өрті өршіп тұрған шақ болатын. Әскерге ағайынды бесеуіміз бардық. Ең кішісі мен болдым. Сол бір ауыр күндерде біз елі үшін жанын қиған талай боздақтардың куәсі болдық. Қаншама жастың арманы мен ғұмыры от пен оқтың арасында қалды. Әбдіәлі ағам соғысқа дейін Түрікменстанда әскери дайындықтан өтті. Кейін Иран жеріне аттанған. Дәуренәлі пулеметші болды, ол майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Мырзалы ағам Сталинград майданында соғысып, 1942 жылы қайтыс болды. Ал Сыдықәлі ағам – білімді, агроном мамандығы бар азамат еді. Қызылордадағы ауыл шаруашылық техникумын бітіріп келген соң, мұғалім болып жұмыс істеді. Майданға ол да аттанып, аман оралды. Үшеуіміз елге оралдық, екеуіміз майдан даласында қалдық. Мен 1943 жылдың ақпанында әскерге алынып, Ташкент маңындағы Шыршық стансасында радист мамандығын меңгердім. Рация – қазіргі құрылғыларға ұқсамайды, ауыр болатын. Екі адам көтеріп жүретінбіз. 16 килолық құрал еді. Кейін Калинин облысы, Реткин стансасы маңында майданға қатыстым. 339-артиллериялық дивизия құрамында байланысшы болып жұмыс істедім. Сол арқылы Беларусь, Польша, Брест жерлерін азат етуге қатыстым”, – деп еске алды сол толарсақтан қан кешкен ауыр күндерді Мұраталы Төлепбергенұлы.
Бұдан кейін ардагер 1945 жылы Польша мен Германия арасындағы шекарадағы үлкен өзен – Водор өзенінен өтіп, неміс жеріне басып кіргендерін әңгімелеп берді.
«Жеңістен кейін 1950 жылға дейін Германияда әскери борышымды өтедім. Біз негізінен солтүстік аймақта – Штеттин маңындағы Перлеберг, Висмар сынды портты қалаларда болдық. Кейінірек оңтүстікке ауысып, Дрезден мен Лейпциг қалаларының төңірегінде қызмет еттім. Берлин қаласының жанындағы Подздам деген жерде немістердің бұрынғы әскери бункерлерін көрдік. Жер астына тоғыз метр тереңдікпен танк зауыттарын салып, оларды орман астында жасырып жасаған екен. Оның сыртқы шығатын есігін Берлин қаласының бір тұсына орнатып, ешкім байқамайтындай етіп құпия сақтаған. Соғыстан кейін 1949 жылы еңбегім бағаланып, Германиядан арнайы рұқсатпен Түлкібасқа қырық күнге келіп, ауылымда жиырма алты күн болып қайттым. 1950 жылы елге оралдым. Жалпы алғанда, әскер қатарында жеті жыл алты айдай қызмет атқардым. Ал 1954 жылы отау құрып, өмірлік жарыммен бірге алты қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірдік. Ең кенжем 1971 жылы дүниеге келді», – дейді ақсақал.
Еліміздің шаруашылығының түрлі кезеңдерін көзбен көріп, қолымен ұстағанын жеткізген ол:
«Әсіресе, 1960 жылдарға дейін колхоз, совхоздардың жұмысын механизациялауға бағытталған МТС – машина-трактор стансалары ерекше рөл атқарды. Кейін ол жүйе өзгеріп, техникалар шаруашылықтарға сатылып берілді. Бір кездері айлық орнына өніммен – екі, үш, тіпті төрт келі бидаймен еңбекақы төленетін. Бірақ халқымыз қанағатшыл, еңбекқор еді. Коммунизм орнайды деген үмітпен бейбіт еңбегін жалғастыра берді», – дейді.
Сөз соңында ардагер жүрекжарды тілегін айтып, ақ батасын берді.