«Ер адамдармен иіліп амандасу керек»: Алматыдағы университетте қыздарға арналған жиын жұрттың ашуын туғызды

Qaz365.kz редакциясы

Оқу орны мұндай жиындар тұрақты өтетінін алға тартты. 

Әлеуметтік желі

Әлеуметтік желіде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (ҚазҰПУ) өткен жиналыс туралы ақпарат тарады. Жиналыста бірінші курс қыздарына қоғамда және ер адамдармен қалай дұрыс қарым-қатынас жасау керектігі жөнінде айтылған, деп хабарлайды qaz365.kz.

Бұл нұсқаулықтарға сәйкес, ер адамдарды дұрыс қарсы алу үшін оларға иіліп сәлем беру керек екен. Бұл ұсыныстар Қазнетте қызу талқыға түсті.

Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сүйенсек, бірінші курс студенттері акт залына шақырылып, оларға түрлі жастағы ер адамдар қыздарға қалай дұрыс жүріп-тұру керектігін түсіндіретін бейнеролик көрсетілген. Мысалы, ашық киінуге, қатты сөйлеуге болмайтыны, ал ер адамдармен кездескенде иіліп сәлем беру керектігі айтылған.

Ал университет басшылығы бұл жиын ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында өткізілгенін айтады. Сөздерінше, мұндай жиындар тұрақты түрде өткізіледі.

Оқу орны сондай-ақ университет зайырлы білім беру мекемесі екенін, студенттердің жеке таңдауына, еркіндігіне және пікір алуандығына құрметпен қарайтынын да атап өтті.