Жастарды тәрбиелейтін жүйе: Қазақстанда волонтерлер қозғалысы қалай дамып жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Волонтерлік – бір реттік акция емес, азаматтық ұстаным

Бүгін Астанада Халықаралық волонтерлер жылын өткізу бойынша Ұлттық ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысы өтті. Бұл - Қазақстанның халықаралық деңгейдегі азаматтық бастамаларға белсенді араласып келе жатқанының айғағы. Жиын 2026 жылды Тұрақты даму мақсаттарындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялау жөніндегі БҰҰ шешіміне дайындық аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Халықаралық волонтерлер жылы – осы серіктестіктің нәтижесін жаһан алдында көрсетуге берілген үлкен мүмкіндік, яғни  2026 жылға дейінгі кезең - Қазақстан үшін волонтерлік саланы жаңа деңгейге шығару мүмкіндігі. Бұл тек халықаралық міндетті орындау ғана емес, ішкі әлеуметтік капиталды күшейту жолындағы маңызды белес. Бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен жүзеге асқан маңызды қадам. Волонтерлік қызметтің бүгінгі келбеті мен маңызы жайлы мамандар өз пікірлерін білдіріп жатыр.

Мамандар: волонтерлік – қоғамның кемелдену көрсеткіші

Педагогика ғылымдарының кандидаты, педагогика және психология саласының зерттеушісі, қауымдастырылған профессор Нұрсұлу Әлқожаева волонтерлікті қоғамның кемелденуінің айғағы ретінде бағалайды. Оның айтуынша, волонтерлік қызмет – бұл тек альтруистік ниеттен туындайтын көмек көрсету ғана емес, ол әлеуметтік құрылымдағы терең өзгерістердің, халық арасындағы өзара сенім мен бірліктің нығаюының көрінісі.

«Волонтерлік – тек альтруизм емес, әлеуметтік байланыстың мықты тетігі. Ол – сенім, ынтымақтастық, жауапкершілік көрсеткіші. Бүгінгі таңда бұл қызмет әлеуметтік рөлдерді қайта қарауға, бейформал көмек жүйесін қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Жастар арасында әлеуметтік капитал артып, ұрпақтар сабақтастығы нығаюда. Қиын сәттерде – пандемия, табиғи апаттар, әлеуметтік дағдарыстар кезінде - азаматтар елдік жауапкершілік танытты. Мысалы былтырғы су тасқынын алсақ бұл – азаматтық сана мен патриотизмнің көрінісі», – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, волонтерлік – жастардың рухани және психологиялық дамуына ықпал ететін өмір мектебі.

«Адам волонтерлік арқылы қоғамда өзінің маңызды екенін сезінеді, бұл - өзін бағалауға, өмірлік мақсатты сезінуге сеп болады. Жастар эмоциялық интеллектіні дамытып, өз сезімін және өзгені түсінуді үйренеді. Сонымен қатар, ерікті болу - стрессті жеңуге, жаңа ортаға бейімделуге, позитивті эмоциялар алуға көмектеседі. Бұл - психикалық денсаулықты нығайтатын әлеуметтік механизм. Волонтерлік қызмет - тек қоғамдық пайдалы іс емес, сонымен қатар адамның ішкі әлеміне, психологиялық жағдайына оң әсер ететін құбылыс. Әсіресе жастар үшін волонтерлік – өзін өзі тану, өзін табу, әлеуметтену, өз мүмкіндіктерін тану мен жүзеге асыру алаңы. Ерікті болып жүрген адам өзін қоғам үшін маңызды сезінеді. Жастар волонтерлік арқылы эмпатия мен жауапкершілікті үйренеді. Бұл – тұлғалық кемелденудің негізі. Сол себепті жастарды волонтерлікке тарту – болашақ ұрпақты тәрбиелеудің, сауатты, жан-жақты тұлға қалыптастырудың ең ұтымды жолдарының бірі», – деп ойын толықтырды Нұрсұлу Әлқожаева.

Оның пайымдауынша, коммуникация, тайм-менеджмент, командамен жұмыс, көшбасшылық – волонтерлік арқылы жастар бойына сіңетін болашаққа қажет дағдылар.

Студент жастармен тікелей жұмыс жасайтын оқытушы-педагог еліміздегі волонтерлік қозғалыстың ерекшелігі ұлттық құндылықтармен байланысты екенін де айтты.

«Асар», «жақсылық жасау», «қол ұшын беру» сынды дәстүрлеріміз бүгінгі волонтерлікпен үндесіп, жаңаша сипат алып отыр. Сонымен қатар, бұл үрдіс – ұлттық болмыс пен тарихи жадымыздың заманауи қоғаммен ұштасуының айқын көрінісі. Қоғамда осы бағыттағы қызметтерді тану мен бағалау жүйесін жетілдіру – келешекте волонтерлікті тұрақты институтқа айналдырудың бір тетігі. Мемлекет бұл бағытта заңнамалық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіп отыр. «Волонтерлік қызмет туралы» заң, Qazvolunteer.kz платформасы, Ұлттық фронт-офистің жұмысы – осының бәрі жүйелі дамуға ықпал етуде. Сонымен бірге, бұл бастамалар халықтың әлеуметтік белсенділігін арттыруда үлкен рөл ойнап отыр», - деді Нұрсұлу Әлқожаева.  

Волонтерлік қызметтің жүйелілігі

Алматы қаласы волонтерлер фронт-офисының жетекшісі Бағдат Анарбаева еліміздегі волонтерлік қозғалыстың құрылымдылығы мен серпінді дамуын атап өтті. Оның айтуынша, еліміздегі волонтерлік жүйелі және тұрақты сипат алып келеді. Бұл -  мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жеке бастамашыл тұлғалардың бірлескен жұмысының нәтижесі.

«Қазір елімізде 755 волонтерлік ұйым тіркеліп, 275 мыңнан астам азамат ерікті қызметке тұрақты түрде қатысады. Алматыда - 50 мыңнан астам белсенді волонтер бар. Олардың қызметі қарттар мен жалғызбасты адамдарға көмек көрсету, экологиялық жобалар, төтенше жағдайлар кезінде қолдау көрсету, дағдарыс жағдайындағы азаматтарға жәрдемдесу бағыттарында жүзеге асуда. Бұл – азаматтық қоғам мен мемлекеттің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Қоғам бұл іске шын ниетпен араласып жатыр. Бұл біздің дәстүрімізде бұрыннан бар - қайырымдылық, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық», – деді ол.

Бағдат Анарбаева 2016 жылы қабылданған «Волонтерлік қызмет туралы» заңның бұл саладағы жүйелілік пен кәсібилікті арттырғанын баса айтты.  Заң волонтерлердің құқықтары мен міндеттерін бекітіп, шығындарды өтеу, арнайы сертификаттар беру, инфрақұрылым құру сияқты тетіктерді енгізді. Өңірлік фронт-офистер мен волонтерлік хабтардың ашылуы бұл қызметті ұйымдастыруда жаңа деңгейге көтерді. Бұдан бөлек, волонтерлік қызметті білім беру жүйесімен байланыстыру, оқу орындарында еріктілер клубтарын ашу сияқты жаңа бағыттар да қолға алынуда.

Жастардың азаматтық мектебі

«Волонтерлік – бұл хобби емес, өмір сүру салты. Әсіресе, жастар үшін – көшбасшылыққа, жеке даму мен кәсіби тәжірибе жинауға үлкен қадам, мол мүмкіндік ретінде жол ашады. Қазіргі жастар өз уақытын тиімді пайдаланып, қоғамға пайда келтіруге құлшынып тұр. Бұл үрдіс алдағы жылдары күшейе түсетініне сенімдімін», - деді ол.

Бағдат Анарбаева «Qazvolunteer.kz» платформасының маңыздылығына да тоқталды. Qazvolunteer.kz ресурсы - волонтерлер мен ұйымдарды байланыстырып, нақты жобаларға тіркелуге мүмкіндік береді. Жетістіктер мен тәжірибе электронды портфолио ретінде жинақталады. Платформа арқылы волонтерлік қызметтің ашықтығы, есептілігі артып келеді. Ұлттық фронт-офис жобаларды үйлестіріп, мониторинг жасап, сараптамалық қолдау көрсетіп отыр. Сонымен қатар, волонтерлер арасында тәжірибе алмасу, үздік жобаларды тану, мотивациялық форумдар ұйымдастыру бағыттары да кеңінен дамып келеді.

2026 жылғы Халықаралық волонтерлер жылына келсек, Анарбаева бұл оқиғаның стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.

«Бұл - еліміздің халықаралық деңгейде азаматтық белсенділігін танытатын тарихи сәт. Біз волонтерлеріміздің жетістіктерін жаһан алдында паш етіп, серіктестікті нығайтып, жастарды белсенді тартуға бағытталған қадамдарды жүзеге асырамыз», - деді.

2026 жыл – Қазақстан волонтерлігінің жаңа кезеңі

Сонымен қатар, ол волонтерлікті еңбек өтілі ретінде тану, әлеуметтік бонус жүйесін енгізу, мектептен бастап волонтерлік мәдениетті қалыптастыру сияқты бастамалардың маңызды екенін айтты.

«Бұл - болашаққа салынған инвестиция. Бұған қоса, волонтерлік қызметке қатысқан жастардың кәсіби бағдарлануы мен мансаптық дамуына оң әсер ететін кешенді бағдарламаларды енгізу қажет» - деп атап өтті.

Айта кетелік, Қазақстан волонтерлікті жүйелі дамыту үшін қажетті құқықтық базаны құрған елдердің бірі. 2016 жылы қабылданған «Волонтерлік қызмет туралы» заң волонтерлердің мәртебесін айқындап, олардың құқықтары мен міндеттерін бекітті. Бұл заң - азаматтық бастамаларды мемлекеттік қолдау жүйесіне енгізудің негізі. Соның нәтижесінде Қазақстанда волонтерлік қозғалыс тұрақты даму үстінде. Сонымен қатар, 2026 жылға дейінгі жол картасы қабылданып, онда волонтерлік мәдениетті насихаттау, білім беру, өңірлік инфрақұрылымды дамыту және жастарды тарту сияқты нақты бағыттар қарастырылған. Жобаларды қолдау, пікір алмасу алаңдары, форумдар, инфрақұрылым мен заңдық қолдау - бұл саланың жүйелі дамуын қамтамасыз етуде. Әсіресе, жастар белсенділігі - еліміздің азаматтық болашағына деген үміттің нақты көрінісі. Волонтерлік - тек әлеуметтік көмек емес, ол - сана мен сенімнің, жауапкершілік пен бірліктің айқын көрсеткіші. Ол қоғамның күші. Ал бұл күшті мемлекет қолдап, бағыттай білсе, Қазақстан азаматтық жауапкершілік пен әлеуметтік бірлік жолында ілгері баса бермек.

Меруерт Райым